Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көптен бері көкейден кетпей жүрген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған еді. Соған байланысты әлеуметтік желіде әртүрлі сарапшылар мен мамандар өз ойларын ортаға сап, пікір білдіруде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Ораза айт құтты болсын! Адамзат баласын тіршілік атаулыны құрметтеуге, ізгі ниетке, сыйластық пен жоғары мәдениетке, рухани гармонияда өмір сүруге бастайтын ораза айы аяқталып, айт мерекесіне де жеттік.
Дәл осындай қасиетті мереке күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза жерді шетелдіктерге сатпайтын, жалға да бермейтін заң жобасына қол қойды. Қоғам талабын ескеріп, халық үніне құлақ асып, мемлекет басшысы тиісті заң жобасын тікелей өз бастамасымен іске асырды. Парламентте қаралды. Бүгін міне Президент тарапынан қол қойылды.
Заң жобасының мақсаты - шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың, шетелдік қатысуы бар Қазақстанның заңды тұлғаларының, халықаралық ұйымдардың, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтардың, сондай-ақ қандастардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік құқығымен және уақытша жер пайдалану құқығымен иеленуіне тыйым салуды енгізуді қарастырады.
Құтты болсын ағайын!" - деп жазады Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы, саяаттанушы Бауыржан Серікбаев.
