Отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы Ресейде өтетін президенттік сайлауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасы Ресей Қазақстанның жақын көршісі екеніне, екі елдің арасында тығыз байланыстар орнағанына тоқтала келе: «Сондықтан да осы қарым-қатынастарды сақтауға мүдделіміз. Осы орайда бұл жақын байланыстарды ескере отырып, ресейлік әріптестермен өзара кеңес беріп немесе кеңес алып жүретін кездер болады. Яғни, ортақ мақсаттарға қатысты шешім шығарамыз», - деді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы РФ Президенті Владимир Путиннің 2018 жылы жаңа президенттік мерзімге сайлауға түсуіне қатысты пікір білдірді.
«Бұл қалыпты сайлау процесі. Владимир Путин РФ президенті сайлауына қатысатындығын жариялады. Мен оған сәттілік тілеймін. Барлық мәліметтер бойынша ол жеңіске үміткер деп санаймын және бұл дұрыс. Қазіргі қиын кезеңде, яғни Ресей осындай қысымға түсіп жатқан уақытта Путин мемлекет қайраткері әрі Президент ретінде осының барлығына төтеп беруде, сондай-ақ халқын алға жетелеп келеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Еске сала кетсек, Владимир Путиннің өкілеттік мерзімі 2018 жылы аяқталады.
Айта кетейік, 22 желтоқсан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі жетекші БАҚ өкілдеріне 2017 жылды қорытындылауға арналған сұхбат берді. Онда қазақ қоғамындағы елеулі өзгерістер мен өзекті мәселелер туралы журналистер сұрағына жауап берді. Аталмыш сұхбаттың телевизиялық нұсқасы 25 желтоқсанда республикалық телеарналардың эфирінен көрсетілді.