Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловты қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарларын талқылады, деп хабарлайды Ult.kz.
Әкімнің мәліметінше, биылғы алты айда облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 1,82 трлн теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,3 пайызға артық. Сондай-ақ жалпы құны 337 млрд теңге болатын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асуда. Оның ішінде жылына 70 мың көлік шығаратын KIA зауыты мен «КамлитKZ» өндірісі бар.
Инфрақұрылым саласында Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Облыста су тарату жүйесіне қатысты 54 жоба іске асырылып, қала халқының 99%-ы, ауыл тұрғындарының 91%-ы орталық су жүйесіне қосылған.
Көлік инфрақұрылымын дамытуға 102 млрд теңге бөлінді. Биыл 1300 шақырым жолға жөндеу және реконструкция жүргізілуде. Оның ішінде Жезқазған – Петропавл учаскесінің құрылысы аяқталуға жақын.
Президент өңірде инвестиция көлемін ұлғайту, өнеркәсіп пен аграрлық секторды дамыту, әлеуметтік нысандарды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге жылыту маусымына дайындықты уақытылы аяқтап, ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуді тапсырды.
