03 қаз, 2025 сағат 17:31

Мемлекет басшысы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевты қабылдады

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевты қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп тыңдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Әкімнің мәліметінше, биылғы сегіз айда облыста 3,2 триллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 7 пайызға жоғары. Әсіресе металлургия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, жеңіл және тамақ өнеркәсібінде тұрақты өсім байқалады.

Инвестиция көлемі де артып келеді. Негізгі капиталға 644,7 миллиард теңге тартылып, өсім 11,1 пайызды құрады. Жыл соңына дейін құны 195 миллиард теңгені құрайтын 29 инвестициялық жоба іске асырылып, 2 700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал 2030 жылға дейін жалпы құны 4,5 триллион теңгеге бағаланған 120 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл бастама шамамен 20 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығында да ірі жобалар қолға алынған. Екі жаңа сүт фермасының құрылысы аяқталған соң, өңір сүтке деген сұранысты толықтай өтейді.

Әкім Мемлекет басшысына «Qarmet» АҚ-ның жұмысы жөнінде де баяндады. Компания сегіз айда өндірісті жаңғыртуға 110 миллиард теңге инвестиция салған. Соның нәтижесінде шойын өндіру көлемі – 6 пайызға, болат – 6,9 пайызға, илемдеу – 5 пайызға өскен. Кәсіпорында жаңа коксты батареялар, құю-илемдеу кешені және сұрыптап илемдеу цехы іске қосылып жатыр. Сонымен қатар өндіріс кезең-кезеңімен табиғи газға көшуде.

Шахталардағы ахуал да жақсарған: көмір өндіру көлемі 15 пайызға артқан. Еңбек қауіпсіздігін күшейту бойынша шаралар қолға алынған.

Президент Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жандандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, қалалар мен елді мекендерді жылумен тұрақты қамтамасыз ету және «Qarmet» АҚ кәсіпорнындағы өндірістік қауіпсіздікті арттыру мәселесіне ерекше назар аударуды міндеттеді.