Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевты қабылдап, өңірлерді дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп тыңдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына өңірлік саясатты тиімді жүргізу үшін құрылған жобалық кеңсе туралы айтылды. Сонымен қатар, облыстар мен аудан ішіндегі инфрақұрылымға қолжетімділік теңсіздігін азайтуға бағытталған Өңірлік стандарттар жүйесін енгізу жөнінде баяндалды.
Қанат Бозымбаев энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған Ұлттық жобаның жүзеге асырылуы жайлы да мәлімет берді. Аталған жоба аясында 86 мың шақырымдық желіні салу және қайта жаңарту, қуаты 7,3 ГВт болатын жаңа энергия көздерін іске қосу көзделген. Бұл жұмыстарға отандық тауар өндірушілер де кеңінен тартылмақ.
Сондай-ақ, тұрғындарды сапалы ауызсумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында халықаралық компаниялармен серіктестік жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқаны айтылды.
Президент өңірлерді теңгерімді дамыту – ел дамуындағы басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына бірыңғай цифрлы экожүйе енгізу, су саласын цифрландыру мен су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
