
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес барысында бизнесті заңсыз араласудан қорғау маңызды міндет екенін атап өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл жерде бақылау-қадағалау немесе құқық қорғау қызметі кейпіндегі рейдерлік және бопсалау деректері жайында сөз болып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасы бойынша мұндай теріс іс-әрекеттерге қарсы күреске бағытталған заңнамалық шаралар топтамасы дайындалғанын мәлімдеді.
Бұл бағыттағы тиісті жұмыстар Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін аяқталады.
– Түпкі мақсат – заңдылық тұрғысынан бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы қатынастар моделінің мінсіз болуы. Сингапурды жетістікке жеткізген үлгіні алуға болады. Мүмкін емес нәрсе жоқ. Бәрі алға қойған мақсатқа жету жолындағы батылдыққа байланысты, – деді Мемлекет басшысы.
