Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел президенттерінің былтыр Қазақстан мен Арменияға жасаған сапарлары өзара қарым-қатынасты жан-жақты дамытуға айтарлықтай серпін бергенін атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
"Сіздің Астанаға алғашқы ресми сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту тұрғысынан маңызды. Біздің армян халқы мен Сіздің мемлекетке деген құрметіміз бөлек", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Бейбітшілік туралы келісім жобасы бойынша келіссөздердің аяқталып, Ереван мен Баку арасындағы мемлекетаралық қарым-қатынастың жандануын қолдайтынын жеткізді.
Арменияның Сыртқы істер министрі қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдірді.
"Біз Сіздің екі ел арасындағы ықпалдастыққа қатысты ұстанымыңызды қолдаймыз", – деді Арарат Мирзоян.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланысты ілгерілету перспективасы қарастырылды.
Қазақстан Президенті отандық бизнес өкілдерінің Арменияға тауар тасымалын 350 миллион долларға дейін ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді.