
Мәжілісі төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева мүмкіндігі шектеулі жандар қандай проблемаларға тап болып отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кейінге қалдырмай шешуді талап ететін бірқатар мәселе бар, өйткені олар халықтың ең қорғалмаған әрі осал топтарына қатысты – бұл мүмкіндігі шектеулі адамдар, оның ішінде балалар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызды әлеуметтік қорғау Конституциямен, «Қазақстан Республикасында мүгедектердің әлеуметтік қорғалуы туралы» Заңмен реттеледі. Сонымен қатар, әлеуметтік қорғауға, оның ішінде оңалтуға, қоғамға кіріктіруге, кез келген қызметті, оның ішінде еңбек қызметін еркін таңдауға, кәсіптік даярлауға және қайта даярлауға, еңбек қабілетін қалпына келтіруге әрі жұмысқа орналасуға, Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғынжайға құқықтар және бұдан да басқа да құқықтар белгіленетін өзге де заңдармен реттеледі. Алайда, іс жүзінде мүмкіндігі шектеулі жандар өз құқықтарын жүзеге асыру барысында бірқатар проблемаларға тап болады», - деді депутат Парламент Мәжілісінде әлеуметтік қорғау мәселелері туралы заң жобасының таныстырылымына арналған жиында.
Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балалардың баспана алу мәселесі бар. Егер мүгедек бала 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй алынбаса, отбасы кезекке қайта тұруға мәжбүр болады, осылайша күту мерзімі көбейеді.
«Мүгедек адамдардың жұмысқа орналасуы да қиын іс. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс істейтіндердің жалпы санының 2-ден 4 пайызға дейінгі мөлшерінде мүгедектер үшін жұмыс орындарына квота белгілейді. Қазіргі уақытта, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, квота 4% құрайды және 70 мың адам үшін белгіленген. Алайда, квота аясында барлығы 15 мың мүмкіндігі шектеулі жан немесе пайызы жұмысқа орналастырылды», - деді Б. Кесебаева.
Оның сөзіне қарағанда, мүмкіндігі шектеулі адамдарды өздеріне лайықты жұмысқа орналастыру үшін жұмыс берушілердің көбірек назар аударуын міндеттейтін немесе ынталандыратын қосымша шаралар қажет.
«Сонымен қатар, оңалту, қоғамға кіріктіру, әлеуметтік қолдау шаралары бойынша көрсетілетін қызметтердің жетілдірілмеуіне байланысты проблемалар да бар. Бұдан басқа, 1-топтағы мүгедектік берілген ауыр науқас адамдарды күтіп-бағуды жүзеге асыратын адамдар әлеуметтік қолдау шараларымен жеткілікті қамтылмаған. Бүгін қаралып отырған заң жобасында осы мәселелердің белгілі бір шешімдері ұсынылады, соның нәтижесінде мүгедек балалар үшін, мүгедек балалары бар отбасылар мен асыраушысынан айырылған отбасылар үшін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту, бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдар үшін жаңа жәрдемақы енгізу ескеріліп отыр», - деді депутат.
