28 сәу, 2021 сағат 14:24

Мәжіліс Еуразиялық экономикалық одақ шартына өзгерістер енгізу туралы хаттаманы мақұлдады


Мәжілісте «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, аталған хаттамаға 2019 жылы 1 қазанда Ереван қаласында мемлекет басшылары қол қойған. Шарт 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді, ал Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі екі жылдан кейін, яғни 2017 жылы қабылданды. 

«Кеден кодексінің нормаларына сәйкес аванстық төлемдер институтын енгізу көзделген. Осыған байланысты шартқа тиісті түзетулер енгізу қажеттілігі туындап отыр. Алдағы төленетін кедендік төлемдер мен салықтар, өсімпұлдар мен пайыздар есебіне енгізілген ақша аванстық төлем деп танылады. Қазіргі уақытта кедендік тазарту кезінде алты кедендік төлемдер мен салықтардың түрі төлене алады», - деді министр Мәжілістің жалпы отырысында. 

Е. Жамаубаев осы хаттаманы ратификациялаудың сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына уақыт үнемдеп, шығындарын қысқартуға мүмкіндік беретінін айтты. 

«Атап айтқанда:

біріншіден, кедендік декларациялау үшін кедендік алымды, кедендік бажды, қосылған құн салығын, акцизді, арнайы, демпингке қарсы және өтемақы бажын төлеу үшін бірнеше төлем тапсырмаларын пайдалану қажеттілігіне байланысты шығындарды барынша азайту;

екіншіден, қолда бар аванстық төлемдерді кедендік баждарды төлеу жөніндегі міндеттерді орындауды қамтамасыз ету үшін пайдалану;

үшіншіден, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар осы төлемдерді пайда болған берешекті өтеуге пайдалану мүмкіндігіне ие болады;

төртіншіден, бюджеттік сыныптама кодының әрбір түрі бойынша ақша қаражатының қалдықтарын жеке-жеке қадағалау қажеттілігі жоқ», - деп түсіндірді ол. 

Кеден органы аванстық төлемдерді енгізген тұлғаның өтініші бойынша оған аванстық төлемдер ретінде енгізілген қаражаттың жұмсалуы туралы есеп береді.

«Аталған хаттаманы ратификациялау біздің еліміз үшін әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды және республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді. Сіздерден осы Хаттаманы ратификациялау бойынша оң шешім қабылдауларыңызды сұраймыз», - деді Қаржы министрі.