23 қаң, 2019 сағат 10:34

Мәжіліс депутаттары инспектор Ерлан Нұрғалиевке «Халық қаһарманы» атағын беруді ұсынды

Парламент Мәжілісінің депутаттары киіктерді қорғау бойынша міндетін орындау барысында қаза тапқан инспектор Ерлан Нұрғалиевке «Халық қаһарманы» атағын беруді ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

«13 қаңтар күні Қарағанды облысының Нұра ауданында мемлекеттік қорық аумағында заңсыз киік атқан браконьер-қарақшылардың қолынан қорықшы Ерлан Нұрғалиев қаза тапты. Бұл оқиға бүкіл Қазақстан қоғамын дүр сілкінтіп, БАҚ-та, әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланып, қызу талқылануда. Осы жағдай қоғамдағы бірнеше проблемалардың басын ашты. Ғасырлар бойы сайын даламызда халқымызбен бірге өсіп-өнген, төрт түлігіміздей болған асыл қазынамыздың бірі - киіктерді қанды қол қарақшы-браконьерлерден әлі күнге дейін қорғай алмай отырғанымыз қалың жұртқа жария болды. Жануарларды мүйізі үшін қынадай қырған браконьерлік-қарақшылық тыйылмай тұр. Оған қоса соңғы жылдары орын алған табиғи апаттар - киіктердің қырылуы Қазақстандағы киіктердің жер бетінен мүлде жойылып кетуіне ұласуы мүмкін деген қауіпке негіз болып отыр», - деп тоқталды депутат Жамбыл Ахметбеков Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Премьер-Министрдің атына жолдаған сауалда.

Оның сөзіне қарағанда, 2018 жылы қорықшыларға шабуыл жасаудың 4 фактісі тіркеліпті. Қорықшылық жұмыстың қауіптілігіне байланысты маман аз, жалақысы төмен - 50-70 мың теңге көлемінде. Қарулы қарақшыларды ұстау кезінде қару қолданған қорықшылардың өздері жауапқа тартылған жағдайлар кездеседі, яғни қорықшылар заңмен де жеткілікті дәрежеде қорғалмаған.

«Қорықшы Ерлан Нұрғалиевтың қазасы қоғамның бітеу жарасындай болып сыздап жатқан осындай проблемаларын ашып, жария етті. Өмірінің соңына дейін антына адал болып, мемлекеттік қызмет кезінде шәйіт кеткен арысымыз Ерланды бүкіл қоғам, жұртшылық болып жоғары мемлекеттік наградаға ұсынуда. Тіпті еріктілер қаһарман ұлды мәңгі есте қалдыру үшін оның дала еркесі құралайды құшақтап тұрған суретінің негізінде ескерткіш тұрғызу үшін қаржы жинауды бастап та кетті. Мұның бәрі халықтың қаһарман ұлының ерлігін жоғары бағалайтынын көрсетеді. Қарақшылармен шайқаста батырлық көрсеткен Ерланның серігі П.А.Ницык те мемлекеттік марапатқа лайық деп есептейміз. Мәжілістегі «Халық коммунистері» Фракциясының мүшелері, жұртшылықтың пікіріне қолдау білдіре отырып, өз өмірін туған жері мен туған табиғатын қорғау кезінде қанды қол қарақшылардың қолынан қаза тапқан Ерлан Нұрғалиевке «Халық қаһарманы» атағын беруді ұсынады және оның есімін мәңгі есте қалдыру бойынша тиісті шаралар қабылдауды сұраймыз. Марқұм Ерлан Нұрғалиев сын сағатта, соңғы демі үзілгенше антына адал күйінде қалды. Ерланның өмірі өскелең ұрпақ үшін жарқын үлгі», - деді Жамбыл Ахметбеков.