18 мау, 2020 сағат 15:28

Мәулен Әшімбаев: Үкімет Ұлттық қорды пайдалануды азайту шараларын қарастыруы қажет

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев депутаттардың бюджет кірісінің шамамен үштен бірінің Ұлттық қордан жасақталғанына алаңдаушылық білдіріп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үкімет, Ұлттық банк және Есеп комитетінің есептерін зерделей келіп, 2019 жылғы республикалық бюджеттің негізгі параметрлері орындалды деген қорытынды жасауға болады. Бүгінгі күні республикалық бюджет еліміздегі экономикалық белсенділікті қолдаудың негізгі тетігі болып отыр. Жалпы Үкімет мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын айтарлықтай деңгейде қамтамасыз етті. Соның арқасында көзделген мақсаттардың негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізілді. Есеп комитетінің де белсенді жұмысын атап өткім келеді», - деді Мәулен Әшімбаев Парламент Сенатының отырысында. 

Сенат спикері өз сөзінде атқарылған жұмыстарға қарамастан олқылықтар да жоқ еместігін атап өтті. 

«Мысалы тиімсіз жұмсалған бюджет қаражатының көлемі үш есе артқан. Есеп комитеті өткен жылдары өзге де заңбұзушылықтарға жол берілгенін анықтап отыр. Игерілмеген қаржы көлемі де айтарлықтай өскен. Сондай-ақ бүгін де Ұлттық қорды үйлесімді басқару, әсіресе оның сақталуын және табыстылығын тиісті деңгейге жеткізу мәселесі өзекті болып отыр. Ұлттық қор қаражатын пайдалану жағдайлары артып, бюджет кірісінің шамамен үштен бірі осы қордан жасақталғаны мәлім. Бұл жағдайға депутаттар алаңдаушылықпен қарап отыр. Ұлттық қорды пайдалануды азайту үшін Үкімет бюджет кірісіне баса мән бере отырып, шығындардың тиімділігін қамтамасыз етуі қажет», - деді ол. 

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде бұл ретте өңірлерге баса мән берген жөн екенін жеткізді. 

«Депутаттардың пайымдауынша қолданыстағы бюджет жүйесі артығымен орталықтандырылған. Әлі күнге дейін республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудің басты қаржы көзі болып отыр. Мұндай бюджетаралық қатынас жергілікті биліктің өңір экономикасын дамытуға және кіріс базасын кеңейтуге деген мотивациясын төмендетеді деп ойлаймыз. Сондай-ақ өңірлердегі дамуға бөлінетін қаражат та кейбір жағдайда тиімсіз жұмсалуда. Сондықтан барлық деңгейдегі бюджет процесін ұйымдастыру жұмысын жетілдірген абзал. Осыған орай аймақтар деңгейінде ашық бюджетті енгізу мәселесін қолға алған дұрыс болады. Сол арқылы азаматтар қаржының қайда жұмсалып жатқанын көріп, өз ұсыныстарын беріп, қаражаттың жұмсалуының тиімділігін бағалауға мүмкіндік алады. Мұндай тәжірибені барлық бюджеттік мекемеге енгізген жөн», - деді Мәулен Әшімбаев.