18 ақп, 2022 сағат 16:38

Маңғыстаудағы «Қошқар ата» көлін тазартуды Мәжіліс депутаттары назарға алды


Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мусабаев аймақтарға сапар барысында Маңғыстау облысына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат төменгі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Депутаттар экологиялық кеңес мүшелерімен бірге Мұнайлы ауданындағы «Қошқар ата» ойпатында радиоактивті қалдықтар қоймасын залалсыздандыруға қатысты мәселелерді талқылады. 

Мұнайлы ауданы аумағындағы «Қошқар Ата» көлі Каспий теңізіне 7-8 шақырым жерде орналасқан. Ал, Ақтау қаласынан 3-4 шақырым қашықтықта жатыр. Бұл көл қалдықтар қоймасының жалпы ауданы 77 шаршы шақырым болса, қалдықтардың ауданы 66 шаршы шақырым шамасында.

Тұрғындардың айтуынша, Маңғыстау облысының бүгінгі экологиялық ахуалы әбден ушыққан. Оған «Қошқар ата» улы көлі де әсер етіп отыр. Онсыз да қуаңшылықтан жиі зардап шегіп, су тапшылығын көретін аймақ улы көлдің де зардабын қоса тартуда. Қазір маңғыстаулықтар арасында онкологиялық, өкпе және жүрек-қан тамырлары аурулары, йод тапшылығы сияқты дерт түрлері көп. Денсаулығы жарамсыз ана мен одан туатын дімкәс бала саны да аз емес.

Бұл экологиялық аймақта 400 мыңға жуық адам тұрады. Тұрғындардың денсаулығы үшін тазарту жұмыстарын жүргізу аса маңызды. Бүгінгі таңда улы көлдің 266 гектары залалсыздандырылған. Уақытында рекультивикациялау жұмыстарын аяқтап, сексеуіл егу жоспарда бар,-дейді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

Депутаттар аймақта жасалған жұмыстардың сапасына мән беріп, алдағы атқарылар шаралар барысын тыңдады. Мердігер мекеме басшысы істің мән-жайын баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы бөлінген 1 млрд қаржы игеріліп, 266 гектар жер залалсыздандырылды. Биыл бөлінген 3 млрд теңгеге 800-900 гектар аймақты рекультивациялау жоспарлануда. Жұмысты жүргізуге 40-қа жуық техника, 70-тен астам адам тартылған.

Маңғыстау облысынан сайланған Мәжіліс депутаттары өңірдегі мәселеге алаңдаулы екенін айтып, назарларына алатындарын жеткізді.