Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) төлемдері уақытылы жасалмаса өсімпұл мен айыппұл қарастырылған ба? Осы сұраққа Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жұмысшылар, өзін жұмыспен қамтығандар, өз еркімен төлем жасағандар мен Бірыңғай жиынтық төлем жүргізгендер үшін МӘМС туралы заңнамада ешқандай санкциялар қарастырылмаған», - делінген қордың мәліметінде.
Аталған қор баспасөз қызметінің хабарлауынша, өсімпұл МӘМС бойынша берешегі бар жұмыс берушілер үшін қарастырылған.
«Егер жұмыс беруші қызметкері үшін төлемесе немесе оны уақытылы жасамаса, жұмысшы МӘМС пакетінде медициналық көмекті алмауы мүмкін. Оның жүйедегі мәртебесі «Сақтандырылмаған» деп сипатталады. Бұл өз кезегінде жеке кәсіпкерлікке де қатысты, яғни оның иесі жалғыз қызметкер болып саналған жағдайда», - деп аталып өткен қор мамандарының жауабында.
Өсімпұл есептелгені туралы ескерту болған жағдайда, аумақтық мемлекеттік кірістер департаментіне жүгіну керек. Медициналық сақтандыру қорына тек жарналар, аударымдар мен өсімпұлдар келіп түседі. Алайда жарна төленбегені үшін өсімпұл мен МӘМС-ке аударымдарды есептеуді салық органдары жүзеге асырады.