Фото: aqshamnews.kz
Бүгін Қазақстанда Наурыз мейрамының бастауы саналатын Амал мерекесі атап өтіледі. Халық арасында бұл күн көрісу күні деп те белгілі. Бұл – адамдардың бір-бірімен қауышып, амандық-саулық сұрасатын көне дәстүрі, деп жазады Ult.kz.
Биыл елімізде 14–23 наурыз аралығы Наурызнама онкүндігі ретінде белгіленді. Онкүндік аясында ұлттық мәдениетті дәріптейтін түрлі мәдени, қайырымдылық және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал оның алғашқы күні Амал мерекесіне сәйкес келеді.
Көрісу дәстүрі әсіресе Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында кеңінен сақталған. Маңғыстау өңірінде бұл күн «Амал» деп аталады. Мағынасы – «қыстан аман шығып, жаңа кезеңге қадам бастау».
Бұл күні адамдар бір-бірінің үйіне барып, қол алысып көрісіп, жылы лебіздерін білдіреді. Сонымен қатар ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар да өткізіледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын қазақстандықтарды Амал күнімен құттықтап, бұл дәстүрдің соңғы жылдары қайта жаңғырып, жалпыұлттық сипат ала бастағанын атап келеді.
Амал күні – адамдарды жақындастыратын, бірлік пен татулықты дәріптейтін ерекше мереке.
