02 мау, 2020 сағат 09:24

Мамин жұмыспен қамту бағдарламасы жайында: Бұл - әкімдіктер жұмысының кемшілігі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Премьер-министр дерегінше, барлық мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында биыл жұмыспен қамту шараларымен 1 млн 220 мың адамды қамту жоспарланған, олардың ішінде 600 мың адамды – «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша, 255 мың адамды – «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша, 364 мың адамды – «Нұрлы жол», «Цифрлық Қазақстан», «Нұрлы жер», БЖК – 2020 және т. б. мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмысқа орналастыру көзделген.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы стартап жобаларды шағын несиелеу, бизнесті кеңейту, қосымша мамандықтарға оқыту, әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, еңбек күші мол аймақтардан жұмыс күші тапшы өңірлерге көшіру және т. б. шараларды қамтиды. Аталған мақсаттарға 176 млрд тг қарастырылған. Жыл басынан бері бағдарламаға қатысуға 260 мыңнан астам адам өтініш білдірді, олардың 184 мыңы – 70%-дан астамы — қазіргі уақытта жұмысқа орналастырылған.

Премьер жұмыспен қамту, әсіресе, қазіргі экономика мен бизнесті қалпына келтіру жағдайында басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

«Біз күрделі жағдайды бастан өткердік. Екі ай бойы төтенше жағдай мен карантин режимі сақталды. Кәсіпорындар мен бизнес жұмыс істемеді. Қазіргі таңда экономиканы қалпына келтіру үдерісі жүріп жатыр. Аталған жұмыс аясында дағдарысқа қарсы шаралар топтамасы және экономиканы жандандыруға, жұмыс орындарын сақтауға және ашуға бағытталған кешенді жоспар қабылданды. Біз азаматтарды жұмыспен, тұрақты табыспен қамтамасыз етуге, осылайша олардың әл-ауқатын жақсартуға тиіспіз. Сондықтан да жұмыспен қамту мәселесі біз үшін аса маңызды», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Павлодар облыстарында жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыру қарқыны жақсы екенін атап өтті. 

Оның атап өтуінше, Шымкент қаласының әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, қоғамдық жұмыстарға жіберу және грант беру бойынша көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Сондай-ақ Ақтөбе облысы бойынша грант беру деңгейі өте төмен. Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары шағын несие беру бойынша нашар жұмыс жүргізуде. Мұнан бөлек Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру және жастар практикасы бойынша жұмысты ұйымдастыру ең төменгі деңгейде болып отыр. 

«Бұл - әкімдіктердің жеткіліксіз жұмыс істеп жатқанының көрінісі, осы бағыттар бойынша шұғыл түрде шаралар қабылдау қажет. Жұмыспен қамтуды қолдаудың барлық құралдары бар, оларды белсенді қолдану қажет. Осы мәселе бойынша біз тұрақты әрі жүйелі бақылау жүргізетін боламыз. Жарты жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту мәселесі Мемлекет басшысының төрағалығымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралады», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыспен қамтуды жандандырудың нақты шараларын қабылдауды тапсырды. 

Жиын барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндама жасады.