13 мам, 2020 сағат 15:02

Мамин өңірлерге «ақылды қала» эталондық стандартын сапалы енгізуді тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі ҚР Президенті жанындағы комиссия отырысын өткізді. «Smart Bridge» жобасын жүзеге асыру, жергілікті атқарушы органдар мен жер қатынастарын цифрландыру барысы қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" сілтеме primeminister.kz жасап.

Барлық аталған бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А. Жұмағалиев, «ақылды қала» тұжырымдамасын іске асыру мәселелері туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов, жер қатынастарын цифрландыру туралы ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрайымы Ә. Балташева баяндады.

Мемлекеттік және жеке секторлардың ақпараттық жүйелері үшін бірыңғай интеграцияланған платформа құру бойынша «Smart Bridge» жобасы осы жылдың қаңтар айында іске асырыла бастады.

Қазіргі уақытта 175 заңды тұлға (35 мемлекеттік орган, 12 екінші деңгейлі банк, 15 ұлттық компания, 113 жеке сектор өкілі) авторизацияланды, 336 сервис жарияланды, қосылуға 290 өтінім жіберілді.

«Smart Bridge»-де көзделген мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің 166 интеграциясының 27-сі іске асырылды, биылғы шілде айына дейін 63-ін, осы жылдың соңына дейін 76-сын жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 80%-дан астамы автоматтандырылды, биылғы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 90%-ға дейін жеткізу көзделген.

Өңірлерде цифрландырудың біркелкілігін қамтамасыз ету үшін тіршілік әрекетінің 11 саласын қамтитын ҚР «ақылды» қалаларының эталондық стандарты жандандырылды. Жаңа тұжырымдама бойынша барлық қызметтер мен мемлекеттік қызметтер «электрондық үкімет» порталының бір терезесіне көшірілуі тиіс.

Жер қоры және жылжымайтын мүлік нысандары туралы ұлттық деректер базасын құру аясында «Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры» ақпараттық жүйесін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Онымен қоса, жер учаскелерін ұсыну рәсімдерін оңтайландыру және жеңілдету бойынша заң жобасы әзірленуде, онда Жер кодексі, Азаматтық кодекс пен бірқатар заңдарға түзетулер енгізу қарастырылған. Цифрлық технологиялар негізіндегі жаңа тәсілдер жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстырып, олардың санын 15-тен 7-ге дейін қысқартуға, жер учаскелеріне құқық берудің нақты мерзімін 1 жылдан 20 күнге дейін азайтуға, мемлекеттік акті мен жер құрылысы жобасын, сондай-ақ жер комиссиясын алып тастауға мүмкіндік береді.

Премьер-Министр тұрғындар мен бизнес үшін барлық мемлекеттік қызметтер мен сервистерді онлайн форматқа көшіру мәселесін пысықтап, бұл жұмыстарды биыл үшінші тоқсанда аяқтауды, сондай-ақ орталық және жергілікті деңгейлерде кіріктіру жұмыстарын уақытылы әрі тиімді іске асыруды тапсырды.

«Азаматтың денсаулық паспорты, еңбек биржасы, қоғамдық көліктегі төлем жүйесі тәрізді қолданыстағы электронды платформалар мен есептеуіштермен қамтамасыз ету өңірлерде жаппай пайдаланылуы тиіс», - деп А. Мамин, өңірлердің әкімдіктеріне Нұр-Сұлтан және Ақкөл қалаларының тәжірибесінің негізінде эталонды стандартты сапалы енгізу бойынша қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы, цифрлық даму министрліктері мен әкімдіктерге үшінші тоқсанның соңына дейін жер заңнамасына қажетті түзетулер жобасын пысықтап, Үкіметтің қарауына енгізу туралы тапсырма берді.

«Барлығы жұртшылықты тартумен орталық және жергілікті деңгейлерде жан-жақты пысықталуы тиіс», - деді А. Мамин.

Мемлекет басшысының электронды үкімет тұжырымдамасын қайта қарау және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын өзектілендіру туралы тапсырмасын орындау аясында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне екі апта мерзім ішінде Үкіметке мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен келісілген тәсілдерді енгізу туралы тапсырма жүктелді.