05 нау, 2019 сағат 12:42

Мамин Дүниежүзілік кеден ұйымының бас хатшысын қабылдады

Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин Дүниежүзілік кеден ұйымының (ДКҰ) бас хатшысы Куния Микуриямен кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кездесу барысында ынтымақтастыққа қатысты бірқатар мәселелер, соның ішінде «Меркатор» бағдарламасы аясындағы және ҚР-да заңнамалық реформаларды өткізу, сауда-саттық рәсімдерін жеңілдету бойынша Дүниежүзілік сауда ұйымы келісімінің ережелерін Қазақстанда іске асыру, сондай-ақ, Қытаймен шекарада соңғы технологиялық инновациялармен жарақтандырылған «Нұр жолы» жаңа өткізу пунктінің техникалық мүмкіндіктері аясындағы мәселелер талқыланды.

Куния Микурия транзит саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Транзит рәсімдерін тиімді қолдануды ұйымдастыру және ДКҰ-ның ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы экономикалық аймақтар жөніндегі форумының жұмысына қатысуы туралы мәселелер қаралды.

Асқар Мамин Қазақстан Үкіметі кедендік әкімшілендіру саласындағы табысты әлемдік тәжірибені енгізу жұмыстарын жалғастыратынын атап өтті.

Қазақстан 1992 жылғы 30 маусымда ДКҰ қосылған уақыттан бастап Ұйымның негізгі органдарының жұмысына белсене қатысады. Атап айтсақ, Қаржы комитетінің, Саяси комиссияның (Ұйымның жоғары органдарының бірі) және ДКҰ Кедендік ынтымақтастық кеңесінің жұмысы мен сессияларына қатысады.

Бүгінде Қазақстан өкілеттік мерзімі 2019 жылғы 1 шілдеге дейін ДКҰ-ның Саяси комиссиясының мүшесі. 2019 жылғы маусымда Қазақстанның ДКҰ Қаржы комитетінің құрамына қосылуы туралы мәселе қарастырылып жатыр.

«Меркатор» деп аталатын ДКҰ мүше елдеріне техникалық қолдау көрсетудің жаңа операциялық моделін ДКҰ-ның институционалдық даму жөніндегі комитеті 2017 жылғы наурызда мақұлдады. Бағдарлама мүше елдерге баламалы нұсқа ұсынады, оның көмегімен олар ДКҰ-мен ұзақмерзімді келешекте және Меркатор бағдарламасының «Тұрақты қадағалау тетігі» аясында көп жылдық негізде өзара іс-қимыл орната алады.  

Қазақстанда бірқатар заңнамалық реформалар жүргізілді. 2018 жылғы қаңтарда ЕАЭО мен Қазақстанның Кеден кодексінің жаңа ережелері күшіне енді. 2018 жылғы қаңтардан бастап ЕАЭО жаңа Кеден кодексімен бірге тауарларды электронды мағлұмдау енгізілді. Қазіргі кезеңде БҰҰ ЮНКТАД-пен Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезені іске асырып, енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр, оны наурыз айында пайдалануға беру көзделген. Сонымен қатар, қазақстандық шекара маңындағы өткізу пунктерін біртіндеп жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.