ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Шеврон» (Chevron) компаниясының Еуразия-Тынық мұхиты өңіріндегі барлау және өндіру жөніндегі президенті Найджел Хирнмен мұнай өндіру саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкімет басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.
«Шеврон» — Теңіз (50%), Қарашығанақ (18%) және Каспий құбыр консорциумы (15%) – үш ірі жобада активтері бар Қазақстандағы ірі шетелдік инвестор. 2020 жылы ТШО шикі мұнай өндіру көлемі 26,5 млн тоннаны құрады. Мемлекетке тікелей қаржылық төлемдер $6,6 млрд құрады, $3,5 млрд астам сомаға қазақстандық жеткізушілердің тауарлары мен қызметтері сатып алынды. ТШО газы Атырау облысында полипропилен (қуаты жылына 500 мың тонна) және полиэтилен (жылына 1,25 млн тонна) өндірісі бойынша екі ірі газ-химия жобасы үшін шикізат болып табылады.