11 нау, 2021 сағат 08:26

Мамин: Әр министр, әр әкім инвестиция тарту үшін үздіксіз жұмыс істеуі керек

Әрбір министр, әрбір әкім ішкі және сыртқы инвестицияны тарту үшін үздіксіз жұмыс жасауы керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Инвестициялық белсенділіктің жаһандық төмендеуі жағдайында сапалы инвестиция тартуға бәсекелестік өте жоғары. Отандық және шетелдік инвесторларды белсенді тарту арқылы жекешелендіру жоспарын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету қажет. Әрбір министр, әр әкім және ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары ішкі және сыртқы инвестиция тарту үшін үздіксіз жұмыс жасауы керек»,- деді Үкімет басшысы. 

Оның атап өтуінше, әрбір инвесторға салатын капитал көлемі мен жобаның басымдығына қарай жеке қолдау шаралары ұсынылады. 

Жаңа жағдайда кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін іскерлік белсенділікті тікелей ынталандыру шаралары үш бағытта іске асырылады. 

«Бұл – қаржыландыруға қолжетімділікті қамтамасыз ету, бизнес жүктемесін азайту, өткізу нарықтарына қол жеткізуді кеңейту. Биылғы қаңтар-ақпанда негізгі көрсеткіштер бойынша Алматы және Ақмола облыстарында әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары. Бес көрсеткіш бойынша Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында өсім байқалады. Сегіз өңірде 4 көрсеткіш бойынша оң динамика. Бұл - Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары, сонымен қатар, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары. Ең төмен көрсеткіштер Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында. Министрлер мен әкімдерге жұмысты жандандырып, тиісті шаралар қабылдауды және міндеттерді нақты орындауды тапсырамын», - деді Асқар Мамин.