11 ақп, 2022 сағат 18:55

Мақсат Кикимов Алматы әкімінің орынбасары қызметінен кетті


Мақсат Кикимов Алматы әкімінің орынбасары қызметінен кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ол бұл туралы Instagram-парақшасында жазды.

Кикимовтың айтуынша, 14 ақпаннан бастап ол қала әкімінің орынбасары қызметінен кетеді. Бүгін оның соңғы жұмыс күні. Шенеунік әріптестері мен қалалықтарға бірлескен жұмысы үшін алғыс айтты.

"Бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары лауазымындағы соңғы күнім. 10 жыл бойы оңтүстік астана әкімдігінде үздіксіз жұмыс істедім. Осы уақыт ішінде сіздермен бірге қаламыздың игілігі үшін көп нәрсе жасадық. Қолдау көрсетіп, қарым-қатынас жасағандарыңызға рахмет! 

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаевқа, барлық әріптесіме, әкімдік қызметкерлеріне, мәслихат депутаттарына, Қоғамдық кеңеске, қоғамдық ұйымдарға, коммуналдық кәсіпорындар мен мекемелерге алғыс білдіремін. Біз барлық өзекті мәселенің түбіне жетуге және оларды ортақ күш-жігермен шешуге тырыстық", - деді Кикимов.

Ол мемлекеттік қызметтен кететінін, алайда болашақта немен айналысатынын әлі шешпегенін айтты.