Экономика дамып, халықтың әл-ауқаты жақсара түсетін елде, әдетте, қоғамның саяси өмірі де қыз-қыз жайнап жататыны белгілі. Еліміз үшін 2011 жыл сондай жыл болды. Жыл басында елімізді мына бір маңызды саяси оқиға елеңдетіп тұрды. Бір топ қайраткер азамат Өскемен қаласында 2010 жылғы 23 желтоқсанда өткен республикалық форумда Тұңғыш Президентіміздің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту қажеттігі туралы бүкілхалықтық референдум өткізу жөнінде мәселе көтеріп еді. Оған ең алдымен, сол азаматтардың елімізде өткен жиырма жылдың ауқымында табысты жүзеге асырылған саяси және экономикалық реформалардың оң нәтижесін жоғары бағалауы себеп болғаны анық. Әрине, мұнда Тұңғыш Президентіміздің осы орайдағы тарихи еңбегіне жұртшылықтың ризашылығы да көрініс тапқан болатын. Сондай-ақ, бұл саяси акцияда бүгінгі таңда белең алып келе жатқан жаңа әлемдік экономикалық дағдарыс тұсында тәжірибелі әрі сыралғы Елбасымыздың өз қызметін одан әрі табысты жалғастыра беруін тілеген көпшіліктің қалауы да жатқаны сөзсіз. Бұған қоса, халқымыздың көңілін орнықтырып, оның ертеңгі күнге деген сеніміне селкеу түсірмеу де ойда тұрғаны анық.
Сондықтан осы референдум өткізу мәселесін талқылау бұқаралық ақпарат құралдарында және көпшіліктің қатысуымен өткен түрлі жиындарда кең өріс алды. Бұл мәселенің сол кез үшін маңызды болғанын мына бір деректерден де аңғаруға болады. Ұсынысты бір айдың көлемінде 5 миллионнан астам адам қолдап шықты. Мұның өзі бүкіл дауыс берушілердің жартысынан астамы еді.
Осы арада халықтың бұл қолдауына Елбасымыздың үлкен құрметпен қарағанын, сонымен бірге, заңдылықтың бұзылуына жол берілмеуін де ерекше назарда ұстағанын айта кеткен жөн. Себебі, ел Парламенті осы жайтқа қатысты арнайы заң жобасын қабылдаған кезде, Мемлекет басшысы бұл орайда Конституциялық Кеңестің төрелігіне жүгінуді жөн көрді. Аталған орган ол заң шығарушылық норманың Конституцияға сай еместігі туралы қорытынды шығарды. Осылайша, біздің елімізде заңның үстемдігі тағы бір рет дәлелденді. «Біз бұл жайтты «жай қабылдау немесе бас тарту» ретінде емес, өмірдің өзі ұсынған демократияның тарихи тағылымы деп қабылдағанымыз жөн», деп түсіндірді мұны Президент халыққа жолдаған өз үндеуінде.
Қоғамның саяси тынысын тамыршыдай тап басып отыратын Елбасымыз аталған референдумның орнына мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізуді ұсынды. Мұның өзі қызмет басындағы Мемлекет басшысының өкілеттігін екі жыл мерзімге қысқартатын еді. Алайда, ел мүддесін әрдайым алдыңғы кезекке қоятын Мемлекет басшысы осындай қадамға қағидатты түрде барды.
11 ақпанда өткен «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ХІІІ съезі іс басындағы Елбасымызды президенттікке кандидат етіп ұсынды. Ал 3 сәуірде болып өткен президенттік сайлауда Н.Ә.Назарбаев дауыс берген сайлаушылардың 95,55% сеніміне ие болып, тағы да тамаша жеңіске жетті. 8 сәуірден бастап осыған дейін атқарып келген қызметін одан әрі жалғастыруға ресми түрде кірісті.
Сол жылғы халықаралық ауқымдағы ұмытылмас іс-шаралардың бірі – әрине, «Мақсаты бірдің – рухы бір» деген ұранмен ТМД мен мұсылман елдері арасында бірінші рет – 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Қазақстанда өткен VII Қысқы Азия ойындары еді. Ол елордамыздың 30 мың көрерменге лайықталған «Астана-Арена» кешенінде қызықты да мазмұнды қойылым арқылы салтанатты жағдайда ашылды. Азиада ойындарына алғаш рет 27 елден келген 1 мыңнан астам спортшы қатысты. Құрлықтық жарысқа алаң иелері ретінде тыңғылықты әзірленген отандастарымыз онда 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медальды жеңіп алып, командалық бірінші орынды иемденді. Сондықтан, бұл ел мерейін арттырған, елімізде спорттың оң бағытта дамып келе жатқанын дәлелдеген айшықты оқиға ретінде тарихқа енді.
Көктемде елордамыздағы Бейбітшілік және Келісім сарайында «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшілік, келісім мен жасампаздықтың 20 жылы» күн тәртібі бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХVІІ сессиясы болып өтті. «Тәуелсіздіктің 20 жылдық тарихы – тұрақтылықтың, Қазақстан халқының достығы мен келісімінің тарихы», деді өз баяндамасында сессияның жұмысына төрағалық еткен Елбасымыз.
Қараша айының ортасында да елімізде Мемлекет басшысының Премьер-Министр мен Парламент палаталары төрағаларының және Президент Әкімшілігі Басшысының қатысуымен кеңес өтіп, онда Парламент Мәжілісінің депутаттары тарапынан Елбасының атына келіп түскен Мәжілісті тарату және кезектен тыс сайлау өткізу туралы үндеудің жайы қаралды.
Президент кеңесте депутаттардың үндеуді жолдауының себептерін атап көрсетті. Үндеудің жазылуына Конституцияға енгізілген жаңа өзгерістер басты себеп болып еді. Сол өзгерістерге сәйкес Мәжілісте кем дегенде, екі саяси партия болуы тиіс. Қоғамның қазіргі даму деңгейі осыны талап етті. Сондықтан елімізде саяси жүйеге реформалар жасалып, партиялық тізім бойынша сайлау енгізілді. Бұл Орталық Азия өңірінде бірінші болып біздің елімізде жүзеге асты. Мемлекет басшысы елімізде демократиялық бағыттың дамуына мән берді. Оның үстіне, Қазақстан 2008-2009 жылдары күрделі әлемдік дағдарыстың салқынын сезінген болатын. Мемлекеттердің көпшілігі оны енді ғана еңсере бастағандай көрінген. Соған қарамастан, әлемдік экономика бұрынғысынша қатты құбылмалы күйінде тұрды. Сол себепті, Президент ендігі дағдарыс сайлау науқанымен сәйкес келетіндей болса, ел басшылығының, Үкіметтің және өңірлердің осы мәселе бойынша жұмысы қиындайтынына назар аударды. Сондықтан 6 қарашада «Төртінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» өз Жарлығына қол қойды. Сайлау келер жылдың 15 қаңтарына белгіленді.
Өткен 20 жылдағы жетістіктеріміз жөнінде Елбасымыздың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» деп аталатын 2011 жылдың 28 қаңтарында жария етілген қазақстандықтарға арналған дәстүрлі Жолдауында жан-жақты баяндалды. Сондай-ақ, онда ел экономикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың жаңа стратегиялық міндеттері де көрініс тапты.
17 сәуірде Президент Үкімет мүшелерінің, әкімдер және орталық мемлекеттік органдар басшыларының, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры жетекшілерінің қатысуымен өткен кеңейтілген мәжілісте де халқымыздың әл-ауқатын жақсарту мәселесі сөз болды. Мемлекет басшысы сондай-ақ, мәжіліс үстінде мемлекеттік және қоғамдық институттардың, кадрлық саясаттың тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, құқықтық жүйені дамыту, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, өңірлік және фискалдық саясатты жүргізу, жергілікті өзін өзі басқаруды жетілдіру мәселелеріне де тоқталып өтті.
Ел экономикасының жағдайы осыдан бірнеше айдан кейін – 5 тамызда Ақордада әкімдермен өткізілген кеңесте де жан-жақты талқыланды. Кеңесте сөз сөйлеген Президент ел экономикасына қатысты Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, «Жұмыспен қамту» бағдарламасы, «Өнімділік», «Ауыз су», «Бизнестің жол картасы» және тұрғын үй шаруашылығы бағдарламалары әзірленгенін, осы аталғандардың алғашқысынан өзгелерін жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан 165 млрд теңге қаржы бөлініп отырғанын айтты. Іске асырылып жатқан өзге де бірқатар бағдарламалардың бар екені еске алынды. Сонымен бірге, өңірлерге трансферттер түрінде 1,5 трлн теңге бөлінді. Сөйтіп, бағдарламалардың барлығы дерлік қажетті қаражатпен қамтамасыз етілді.
Осы жылы ауыл шаруашылығына 177 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның 55 млрд-ы субсидиялар ретінде беріліп, соның ішінде 17 млрд теңге өңірлердегі азық-түлік қорын тұрақтандыру қорын құруға арналды. Егін орағы үшін 400 мың тоннадан астам жанармай жеңілдетілген бағамен босатылды.
Президент, сондай-ақ жиналғандардың назарын облыстарда заманауи технологияларды қолдана отырып, тамшылатып суару жүйесін енгізу жөніндегі жобаларды бастауға және жылыжайлардың, көкөніс сақтау қоймаларының, өңдеу кәсіпорындарының құрылысын жылдамдату қажеттігіне аударды. Қысқа әзірлік мәселелері де назардан тыс қалмады.
Жаз айларының соңына қарай еліміздің өмірінде ерекше маңызы бар деуге лайықты екі бірдей өндірістік жаңалық болды. Оның біріншісі Испаниямен экономикалық ынтымақтастықтың негізінде елордамызда ашылған «Тұлпар-Тальго» жолаушылар вагондарын шығару зауытының іске қосылуы еді. Бұл зауыттың өнімдері кең-байтақ қазақ жеріндегі елді мекендердің арасын едәуір қысқартты. Қазір жолаушылар жанға жайлы осы вагондар арқылы Астана мен Алматыдан еліміздің шалғайындағы Батыс және Шығыс өңірлеріне бұрынғыдан әлдеқайда жылдам жете алады.
Сондай-ақ, бұған дейін түрлі себептермен құрылысы тым ұзаққа созылып кеткен Алматы метрополитенінің бірінші кезегі де осы жылы аяқталып, Алматы тұрғындары мен келуші қонақтардың игілігіне пайдалануға берілді. Оның стансаларының әрқайсысы өзінше бір көргенге көз сүйсінетіндей ұлттық нақыштармен өрнектелген, сәулетті сарай дерліктей болып шықты. Бүгінде желісі одан әрі ұзара түскен метрополитен алматылықтар үшін қолайлы да жайлы көлік құралына айналып отыр.
Астана күні қарсаңында елордамыздың «Көрме» орталығында «Қуатты Қазақстанды» бірге құрамыз!» деген тақырыппен форум ұйымдастырылды. Оған еліміздің барлық өңірінен 800-ден астам өкіл қатысты. Форумның аясында қазақстандықтарға елімізде жаңадан іске қосылған инновациялық кәсіпорындар таныстырылды. Президент «онлайн» режімінде Қазақстан индустриялық картасының шеңберінде алғашқы жартыжылдықта іске қосылған алты шешуші кәсіпорынның жұмысына старт берді. Олар Алматы облысындағы «Компания SONIK» профильді құбырлар шығару зауыты, Павлодар облысындағы «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС-нің жүк вагондарын жасау зауыты, Жамбыл облысындағы «Ақбақай» алтын айыру фабрикасының өнімділігін жылына 2,8 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік беретін қосымша қуаттар, Маңғыстау облысындағы «Қазақстан Каспиан Оффшор Индастриз» ЖШС-нің теңіз металл конструкциялары зауыты, Қарағанды облысындағы «Green TecҺnology» ЖШС-нің 3 гектарлық жылыжай кешені, Қостанай облысындағы «АгромашХолдинг» АҚ-тың «Ssang Yong» кәсіпорны болатын. Аталғандардан басқа Жетіген-Қорғас темір жол желісі мен Екібастұз МАЭС-і үшінші энергоблогының құрылыс алаңдарын тікелей іске қосу да жүзеге асырылды.
Жылдың басты саяси оқиғасы деп, әрине 15 желтоқсан күні Астана қаласының Тәуелсіздік сарайында ел егемендігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналысты атауға болады. Онда Елбасымыз терең мазмұнды баяндама жасап, еліміздің жүріп өткен кезеңде қол жеткізген табыстарына және алда тұрған міндеттерге шолу жасады. Атап айтқанда, Президент Қазақстанда 1999 жылдан 2007 жылға дейін ІЖӨ-нің жыл сайынғы орташа өсімі жылына 10% құрағанын, еліміз нарыққа өтуді ТМД-ның өзге елдерімен салыстырғанда табысты жүзеге асырғанын, тәуелсіздік уақытында шағын және орта бизнес субъектілерінің нысаны 35 еседен астам өскенін атап айтты. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі соңғы он жылда төрт есе өскен.
1990 жылы Қазақстан өзге елдерге ештеңе экспорттамаса, 2011 жылы 126 елге шығарылған өнімдерден түскен табыс 75 млрд АҚШ долларынан асқан. Соның 21 млрд доллары өңдеуші кәсіпорындардың үлесіне тиеді екен. Дүниежүзілік банк классификациясына сәйкес, Қазақстан табыс деңгейі орташадан жоғары елдердің қатарына қосылды. Жиында дамудың мұндай қарқыны мен өмірді қамтамасыз ету көрсеткішінің жақсаруы бұған дейін әлемдік экономикада ешқашан және еш жерде байқалмағаны атап өтілді. Мәселен, бүгінде Оңтүстік-Шығыс Азияның «жолбарыстары» саналатын Оңтүстік Кореяда егемен дамудың алғашқы 20 жылында жан басына шаққандағы ІЖӨ небәрі 3 есе, Малайзияда 2 есе, Сингапурда 4 есе, Венгрияда 5 есе, Польшада 4 есе өскен екен. Ал осы мерзімдегі біздегі өсім 16 есе болыпты.
2003 жылы қабылданған дамудың 2003-2015 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық стратегиясы біздің экономикамызды әртараптандырудың бастауына айналды. 2010 жылдан ол Үдемелі инновациялық индустрияландыру кезеңі болып жалғасты. Соның нәтижесінде елімізде тек соңғы екі жылдың көлемінде 350-ден астам түрлі өндіріс орындары пайдалануға берілді. Онда 200 мың білікті маманның қызметін қажет ететін жұмыс орындары ашылды.
Салтанатты жиналыс үстінде Президент осы мерейлі жылда 30 млн тоннаға жуық астық жинаған ауыл еңбеккерлеріне арнайы алғыс айтты.
Тәуелсіздік жылдарында еліміз мұнай өндіру көлемін 3 еседен астам арттырды. Көмір ел энергиясының 78%-ын қамтамасыз етті. Осы мерзімде 1,5 мың шақырымнан астам темір жол желісі тартылып, 40 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары салынды және жөнделді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі салынып жатты, оның 2700 шақырымы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.
Соңғы үш жылда еліміз әлемдік коррупцияға қарсы күрес рейтингіндегі өз көрсеткішін 45 позицияға жақсартып, бұл жөнінде ТМД-да алдыңғы орынға шықты. Елімізде ашық экономика мен демократиялы саяси жүйе орнықты. Құқық қорғау жүйесіне түбегейлі реформалар жүргізіліп жатты.
Сонымен бірге, Елбасымыз алда күтіп тұрған қиындықтарды да жасырмады. «ХХ ғасыр бүкіләлемдік архитектураны қозғалысқа түсірді, – деді Президент. – Біріншіден, таяудағы 10-15 жылда әлемді жаңа технологиялық төңкеріс күтуде. Бұл – жаңа жүзжылдықтағы ең басты қатер. Екіншіден, түбегейлі өзгерістер жаңа экономикалық әлем құрылысының негіздерін айқындайды. Әлем жаһандық депрессияның шегінде тұр. Әлемдік экономиканың тікелей жоғалтқандарының өзі ғана триллиондаған доллармен есептеледі. Ешкімнің де жаһандық апаттың асау теңізінде моп-момақан кемежай болып қала алмайтыны анық. Бұл Еуропадан және басқа да елдерден байқалады. Бізді де қиын кезең күтіп тұр».
Мереке күндері елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін мыңдаған қазақстандыққа мемлекеттік наградалар мен «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерейтойлық медалі табыс етілді.
Өкінішке қарай, біздің мынау мазасыз ғасырымызда тұтас адамзатты да, жеке бір елдердің азаматтарын да алаңдатып отырған қауіп-қатерлердің аз емес екендігі жоғарыда айтылды. Табиғи апаттар мен экологияның, есірткі заттардың зардаптарына ендігі жерде дінаралық алауыздықтар мен терроризмнің қасіреті келіп қосылды.
Жат діни ағымдардың жетегінде кетіп, санасы уланған содырлар енді әлемнің жер-жерінде бүлік ұйымдастырып, террористік актілер жасап, қоғамның тыныштығын бұза бастады. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі оның жантүршігерлік мысалдарын БАҚ хабарларынан күнделікті көріп те, біліп те жүрміз. Өмірдің өзі ондай қауіп-қатерлерден ешбір елдің де сырт қала алмайтынын барған сайын жиі дәлелдеуде. Өкінішке қарай, ондай тәртіп бұзушылық пен қоғамға қарсы жасалатын қылмыстық әрекеттен бүгінде әлемдік қоғамдастықтың бір мүшесіне айналып үлгерген біздің еліміз де тыс қала алмады.
Қаралы оқиға 16-17 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы мен Шетпе ауданында орын алды. Тәртіп бұзушы күштер елдегі ішкі саяси ахуалды қалыбынан шығарып, тәуелсіздіктің 20 жылдығын алаңсыз тойлап жатқан халқымыздың бейбіт өмірінің шырқын бұзғысы келді.
Әрине, мемлекет тәуелсіздіктің тағдырын, 17 миллионнан астам Қазақстан халқының тыныштығын бір топ басбұзардың еркіне беріп, өмірлерін қатерге тігіп қоя алмайтын еді. Сондықтан, Президент шұғыл Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, Жаңаөзен қаласына төтенше жағдай енгізді. Халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеуіне жол берген, осыған қатысы бар бірқатар мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар басшыларын қызметтерінен босатты. Тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен елді мекендерді қалпына келтіру мәселелері жөнінде үкіметтік комиссия құрылып, жұмыс істеді.
Елбасымыз, сондай-ақ Үкімет пен Парламент Сенатының, Президент Әкімшілігінің сол кездегі басшыларының және басқа да мемлекеттік органдар жетекшілерінің қатысуымен тез арада арнайы мәжіліс өткізіп, тәртіпсіздік бой көрсеткен өңірде әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық және басқа да проблемаларды жедел шешу жөніндегі жұмыстарды қолға алуды тапсырды. Тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға кінәлілерді анықтау жөніндегі тексерістің барысы туралы комиссияның есебін тыңдады. Өзі де Маңғыстау облысына барып, тұрғындармен кездесіп, жергілікті жағдаймен тікелей танысып қайтты.
Жаңаөзен оқиғалары Қазақстан халқының татулығы мен бірлігіне де сын болды. Отандастарымыз ол сыннан сүрінбей өтті деп айта аламыз. Себебі, қазақстандықтардың басым көпшілігі аталған облыста орын алған бүлдіргіш күштердің іс-әрекеттерін айыптап, Президент қабылдаған шешімдерді қуаттап, жүргізіп отырған сындарлы саясатына риза екендіктерін білдірді. Тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар заң жолымен жауапқа тартылды. Сөз орайында, аталған оқиғадан кейін Жаңаөзен халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту жөнінде сол кездегі экономикалық мүмкіндіктің аясында біршама жұмыс атқарылғанын да айта кеткен жөн.
2011 жылы елімізде халықаралық ауқымдағы іс-шаралар да алдын ала белгіленген жоспарларға сәйкес және жоғары ұйымдастырушылық жағдайында өтіп жатты. Мәселен, 25 мамырда Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайы шақырылды. Онда алыс және жақын 35 шет мемлекеттен келген 700-ден астам өкіл бас қосты.
Құрылтайда сөз сөйлеген Президент қонақтарға елімізде тәуелсіздіктің 20 жылында қол жеткізген табыстарымыз туралы баяндап берді. Жұмысы қауырт өріс алған «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолының қазақ кәсіпкерлеріне мол мүмкіндік ашатыны да назардан тыс қалмады. Президент, сондай-ақ жиналғандарды «Нұрлы көш» бағдарламасының екінші кезеңі қолға алынатындығынан хабардар етті. Шет елдерде кіші құрылтайларды тұрақты өткізіп тұру ұйғарылып, оған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қолдау көрсететін болып белгіленді.
Мамыр айында елордамызда IV Астана экономикалық форумы болып өтті. Оған БҰҰ Бас хатшысының орынбасарынан бастап, бірқатар Нобель сыйлығының лауреаттары мен есімдері әлемге танымал экономист ғалымдар қатысты. Форумда сөз сөйлеген Қазақстан басшысы әлемдегі соңғы 70 жылдағы ең ірі экономикалық дағдарыстың терең проблемаларын шешу мәселесі әлі айқындалмағанын айтты. Қазіргі дағдарыстың әлемге берген сабақтарын объективті әрі жан-жақты талдау қажеттігіне тоқталып, осыған қатысты өз ойларын ортаға салды. Форумның халықаралық валюта-қаржы жүйесін тұрақтандыруға оң ықпал ететіндігіне сенім білдірді. Бүгінде Астана экономикалық форумы қиын түйіндерді шешу мақсатында пайдалы пікір алмасу алаңына айналып үлгерді деуге болады.
Арада бір айдан сәл астам уақыт өткеннен кейін, яғни 8 маусымда Астанада өткен VII Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы да елордамыздың әлемдік қоғамдастықтың іргелі орталығына айналып үлгергенін көрсетті. «Ғаламдық экономикалық даму: қарым-қатынас, бәсекелестік, ынтымақтастық» тақырыбына арналған форумды ашуда сөз сөйлеген Президент қатысушылардың назарын қазіргі кезде ислам әлемінің өз дамуының күрделі кезеңін бастан өткізіп отырғанына аударды. Исламның саяси шиеленістермен, әлеуметтік-экономикалық және демократиялық қиындықтармен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Оның себептері мен салдарларына тоқталды. Бірқатар маңызды бастамаларын ортаға салды.
Сондай-ақ, маусым айының орта тұсында Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының 10 жылдығына байланысты осы құрылымға мүше мемлекеттер басшыларының мерейтойлық мәжілісі болып өтті. Оның жұмысына Қазақстан басшысымен бірге Қытай, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Иран, Пәкістан мемлекеттерінің жетекшілері де қатысты.
Қазақстан Президенті өз сөзінде аталған ұйымның осы он жылдың көлемінде беделді өңірлік құрылымға айналғанына тоқталып, алдағы онжылдық мерзімде іске асырылуға тиісті деп санайтын бес негізгі міндетті атады. Олар: өңірлік қауіпсіздік мәселесін, терроризмге, экстремизм мен есірткі қаупіне қарсы күресті қамтамасыз ету үшін аталған ұйымның Аумақтық және өңірлік жанжалдарды реттеу жөніндегі кеңесін құру; біртұтас еуразиялық құбыр тарту жүйесі мен қуат тасымалдау желісін қалыптастыру негізінде біртұтас трансэнергетикалық кеңістік құру; тығыз ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін іздеу; Төтенше жағдайлар жөніндегі кеңес құру; Біртұтас болжамдар жасау орталығын құру сияқты қазіргі заман үшін көкейкесті міндеттер мен ұсыныстар еді.
Осы жылдың 20-21 қазанында Алматыда Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің І отырысы өтті. Онда Қазақстан тарапының ұсынысы бойынша біздің еліміздің, Түркия, Әзербайжан және Қырғызстанның қатысуымен құрылған кеңеске толық мәнді халықаралық құрылым мәртебесін бекіту туралы құжаттарға қол қойылды.
Президентіміздің 21-23 қыркүйекте Нью-Йоркке жасаған сапарын да осы жылдың ел өміріне қатысты аса маңызды шараларының бірі ретінде атаған жөн. Нұрсұлтан Әбішұлы сапар барысында БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясының жалпы дебаттарына және Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейдегі кездесуге қатысты. Ядросыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын әзірлеу идеясын ұсынды. Елбасының осы сапары кезінде еліміздің осы ұйымдағы өкілдік деңгейі үлкейетін болып шешілді. Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ-ның Женева қаласындағы бөлімшесінің Бас директоры, Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы болып тағайындалды. Қазақстан басшысының ұсынысымен жүзеге асқан бұл тағайындау ел мерейін асырған, еліміздің халықаралық деңгейде кеңірек таныла түсуіне оң ықпал еткен шешім болғаны сөзсіз.
12 қазанда Астана тағы бір маңызды іс-шараны – «Ядросыз әлем үшін» халықаралық форумын жоғары деңгейде өткізді. Оған БҰҰ, МАГАТЭ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ, АӨСШК, ЮНЕСКО, ЯСЖТКҰ секілді беделді де танымал халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдері, сарапшылар мен ғалымдар – барлығы 400-ден астам адам қатысты. Форумда сөз сөйлеген Қазақстан басшысы «Қозғалыстың басты мақсаты ядролық қатерлермен күресу ғана емес, адам баласының санасында ядроның қандай түріне болса да жиіркеніш сезімін қалыптастыру аса маңызды. Және мен біздің елордамызда өтіп отырған осы форумға үлкен үміт артамын», деп атап көрсетті.
Мерейлі 2011 жылдың ауқымында ұйымдастырылған маңызды іс-шаралардың қатарында, сондай-ақ 11 қарашада өткен Агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің форумын, 25 қарашада өткен «Нұр Отан» партиясының ХIV съезін, 1 желтоқсандағы Қазақстан ғалымдарының басқосуын да атауға болады. Әрине, бұл жиындарда аталған салалардың артта қалып бара жатқан 20 жылда атқарылған істері таразыға салынып, алдағы межелер белгіленгені түсінікті.
Дегенмен, Елбасымыз алдын ала ескерткеніндей және содан берідегі бес жылға жуық уақыттың өзі көрсеткеніндей, елімізді алда дүниежүзілік экономикалық дағдарыстың жаңа сынақтары күтіп тұрғаны болып шықты. Алайда, өзінің Тұңғыш Президентінің білікті басшылығымен бұған дейін де талай қиындықтардан абыроймен өте білген Қазақстан ол сынақтарға да төтеп беруде. Бірлігі жарасқан, ұйымшыл, еңбеккер халқымыз қиындықтардың қай-қайсысын да табысты еңсеріп, Мәңгілік Ел мұраттарының іргетасын берік қалай береді деп ой түюге толық негіз бар.
Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы
"Егемен Қазақстан" газеті