21 мам, 2025 сағат 12:27

«Magnum» және «Семейный» сауда желілерін бопсалаған блогерлерге сот үкімі шықты

Фото: ашық дереккөз

2025 жылдың 6 мамырында Петропавл қалалық соты «Magnum» және «Семейный» сауда желілерін бопсалады деп айыпталған екі азаматқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу барысында анықталғандай, екі Петропавл тұрғыны сауда желілерінің дүкендеріне барып, «рейд» деп аталатын бейнетүсірілімдер жүргізген. Бұл жазбаларда сауда орындарының кемшіліктері мен олқылықтары көрсетілген, әрі бұл ақпарат бизнеске айтарлықтай зиян тигізуі мүмкін еді. Күдіктілер бұл материалдарды әлеуметтік желілерде, атап айтқанда, Instagram мен YouTube платформаларында жариялаған.

Блогерлер сауда желілерінің өкілдерінен бейнетүсірілімдерді тоқтатып, жарияланымдарды жою үшін ақша талап еткен. Олардың әрекеттері жәбірленушілердің шағымдары, куәгерлердің айғақтары және жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері арқылы дәлелденді.

Сот алқабилердің қатысуымен өткен іс бойынша екі азаматты кінәлі деп тауып, әрқайсысына 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.