06 мам, 2021 сағат 12:34

Лавров Қазақстанға қарата айтылған арандатушы сөздерге қатысты пікір білдірді


Ресейлік саясаткерлер Қазақстанның аумақтық тұтастығы туралы арандатушылық мәлімдемелер жасай отырып, өздеріне назар аудартуға тырысып жатыр. Бұл туралы елдің СІМ басшысы Сергей Лавров мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

«Ресейдің Қазақстанға қатысты саясатын айқындайтындар қатарынан мұндай сөздер айтылмады және болашақта да айтылмайды» , - деді Лавров «Хабар» агенттігі басқарма төрағасы Ерлан Бекхожинге берген эксклюзивті сұхбатында. 

«Саясаткерлер өз мансабын әрқалай құрады. Даулы сөз қуатын саясаткерлер де жоқ емес. Даулы болып көрінетін мәселелерді ортаға салғанды ұнататын саясаткерлер де бар. Олар өздеріне назар аудартуды мақсат етеді. Бізде қалай айтатынын білесіз бе: "Жақсы ма, жаман ба маңызды емес, ең бастысы - сен туралы газеттерде жазса болғаны". Мүмкін осыдан шығар. Қазақстанға қатысты Ресей Федерациясының саясатын айқындайтын тұлғалар екі ел арасындағы келісімдердің қайсыбіріне шүбә келтіретін ешқандай сөз айтпады және айтпайды да. Аталған келісімдер бір-біріміздің егемендігімізді, аумақтық тұтастығымызды, саяси тәуелсіздігімізді сыйлауға негізделген. Біз екі ел басшыларымен келісіліп, қол қойылған, парламент рұқсат еткен, заң, халықаралық құқықтың бөлігі саналатын құжаттар негізінде одақтастықты дамытудамыз. Саясаткерлердің, жаңа парламентарийлердің күмәнді, кейде арандатушы сөздері демократиялық өмірдің айналып өте алмайтын бөлігі деп ойлаймын. Біздің халқымыздың қарым-қатынасына сызат түсіретін осындай сөздер пікірталас клубтарынан аспаса болғаны. Біздің қарым-қатынасымыздың халықаралық-құқықтық базасын бұзатын мұндай сөздердің ешқашан шынайы саясат маңында тұрмайтынына кепіл бола аламын», - деп қорытты саясаткер.


Бұған дейін Ресей Мемлекеттік Думасының Білім және ғылым комитетінің төрағасы Вячеслав Никонов "Бірінші арнадағы" "Большая игра" бағдарламасында "Қазақстан болған жоқ, Солтүстік Қазақстан мүлде қоныстанбаған. Олар (қазақтар. - Ескерт.) әлдеқайда оңтүстікте болған. Және, шын мәнінде, Қазақстан аумағы - бұл Ресей мен Кеңес Одағының үлкен сыйы" деп мәлімдеген. Қазақстанда ресейлік депутаттың мәлімдемесі үлкен қоғамдық резонанс тудырды.

Никоновтың өзі даулы сөзіне түсініктеме берді. "Қазақстан Республикасының шекарасына айналған Қазақ КСР шекараларын айқындау кезінде Қазақстанның мүдделері толық көлемде сақталды деп ойлаймын. Бұл туралы "Большая игра" бағдарламасында осыны айтпақ болдым. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бауырлас Қазақстан халқына деген ең жылы сезімдерімді тағы да білдіремін", - деп жазды Никонов Телеграм-каналында.