13 қыр, 2017 сағат 09:03

Латынға көшу арқылы рухани байлығымыз цифрлық технология тілінде одан әрі өркен жаяды


Бүгін Демократиялық күштердің "Қазақстан-2050" жалпыұлттық коалициясының отырысы өтті. Онда латын әліпбиіне көшу мәселесі кеңінен талқыланды.

Іс-шара барысында "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед латынға көшу Елбасымыз ұсынған "Рухани жаңғырудың" берік іргетасы екенін айтты. Сондай-ақ, Мұхтар Құл-Мұхаммед кириллицамен жазылған әдеби байлықтарымызға ешқандай қауіп төнбейтініне назар аударып: "Кириллицада жасалған бар әдеби құндылық түгелдей компьютерлік нұсқаға көшіріледі. Сондықтан латынға көшу арқылы рухани байлығымыз цифрлық технология тілінде одан әрі өркен жаяды. Осыны халыққа түсіндірудің көш басында зиялы қауым өкілдері болуға тиіс", – деді.

Сонымен қатар, отырыста еліміздегі өзге де саяси партиялардың жетекшілері, белгілі филолог ғалымдар мен тіл мамандары және осы саладағы білікті сарапшылар өз пікірлерін білдіріп, латын алфавиті әлемдік өркениетке жол ашатын маңызды қадам екенін айтты.

Шара соңында барша қазақстандықтарды жаңа бастаманы қолдауға шақыратын Демократиялық күштердің "Қазақстан-2050" жалпыұлттық коалициясының Үндеуі қабылданды.