Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында негізгі бірнеше мәселелер туралы, нақтырақ айтқанда, ұлттық сана, бәсекелестік қабілет, ұлттық бірегейлікті сақтау, білім алу, білім беру құндылықтары, латын әліпбиіне көшу туралы ойларымен бөлісе келе, таяу жылдарға арналған нақты мақсаттарға сәйкес өзінің нақты жобаларын ұсынып отыр.
Біз, тілтанушы-түрколог мамандар ретінде Елбасының латын әліпбиіне көшуге байланысты айтқан тұжырымдарына толығырақ тоқталып, өз ой-пікірлерімізбен бөлісуді жөн санадық. Өздеріңіз жақсы білетіндей, Қазақстанның латын қарпіне көшуі жайлы мәселе біршама уақыттардан бері айтылып, талқыланып келеді. Президент бұл мәселені 2006-2007 жылдары бастап, жан-жақты талдап-саралауға тапсырма берген болатын. 2013 жылы «Қазақстан-2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында да бұған баса назар аударған еді, сондықтан көптен күткен латын қарпіне көшу туралы Президенттің ойын үлкен қуанышпен қабылдап, әбден пісіп жетілген тұшымды тұжырымды жүз пайыз қолдайтынымызды білдіре отырып, кейбір басты мәселелерге кеңірек тоқталған дұрыс болар деген ойдамыз.
2007 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты дайындаған «Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы» атты еңбекте 5 түрлі нұсқа «Арыс» баспасынан жарық көрген еді. Біз де көп жылдан бері қазақ әліпбиінің латынша транскрипциясын қолданудамыз. Біздің транскрипциямыз жоғарыда аталған жобалардың төртіншісіне жақынырақ. (Бұл нұсқаны қосымшадан көруіңізге болады). Ойымызша, тек латын әліпбиі емес, емле де өте маңызды болмақ, атап айтқанда:
1. Ұлттық атаулардың үлкен немесе кішкентай әріптермен жазылуы, мысалы, Qazaq немесе qazaq.
2. Латынға көшу пәрменді болу үшін, бұнымен қатар қазақ тілінің ұлтаралық не мемлекеттік мәртебесін көтеріп, бүкіл Қазақстандағы атауларды қазақыландыру қажет:
а) Темір жол желісінде стансалардың атаулары әлі де кеңестік қалыпта орысша жазылады, атап айтқанда, билеттерде, кестелерде, т.б. (Караганда, Чимкент, Алма-Ата).
ә) Елдің мақтанышы – Астана әуежайының ұлтаралық коды әлі де ТSE (Целиноград).
б) Қазақ не қазақыландырылған жер-су атауларының көбі ағылшынша жазылса қазақшадан емес, орысшадан көшіріліп жазылады, атап айтқанда, Uralsk, Semipalatinsk, Aralsk; біздің ойымызша, бұлардың бәрі қазақ тілінен алынуы тиіс. Атап айтқанда, Oral, Sеmеу, Aral, Qaragandi болып жазылу керек. Сондай-ақ, Қазақстанда карталардың бәрі орыс тілінде, ал қала карталары жоқтың қасы. Әлбетте, туристік орындарда қонақтарға оңай болу үшін қазақшасын бірінші орынға қойып, сосынғысын өзге халықаралық тілдерде де жазуға болады (ағылшынша, орысша).
3. Қазақ не қазақыландырылған есімдер орысша нұсқасынан емес, қазақшадан алынып көшірілуі керек. Төлебаев тегі Tulebayev емес Tölebayev, Burkut емес Burkit.
4. Қазақ тіліндегі күнтізбелер тапшы, тек орыс тілінде сатылады, сондықтан апта, ай аттары қазақша аз қолданылады.
5. Ұлттық валютамыз тек қазақ тілінде жазылғаны дұрыс, латыншаға көшетін болсақ, өзге латын әліпбиі қолданылатын елдердегіндей, тек мемлекеттік тілде жазылғаны жөн. 6. Кезінде қазақша жазылған тарихи есімдеріміз, атап айтқанда, Әуезұлы, Дулатұлы, Майлыұлы сияқты тұлғалардың аты-жөндері жаңа латын әліпбиімізде қазақы қалыптарында, жалпы ережелерге сай: Äwezulı, Dulatulı, Maylulı; орысша болса, қазақы қалпын сақтай отырып, тек әріптік өзгерістермен жазылғаны дұрыс: Авезулы, Дулатулы, Майлыулы.
7. Қазіргі заманғы сандық технология жабдықтары, жүйелері жаппай қазақ тіліне көшірілуі керек. Біріншіден, ұялы телефондар, компьютер, планшеттер, т.б. Ойымызды қорытындылай келе, 25 жылдық тәуелсіз Қазақстан тәжірибесі көрсеткендей, қазақ тілі орыс тілімен қатар қолданылса мемлекеттік тіл – қазақ тілі шынайы мәртебесіне көтеріле алмайды, өйткені қазақша білмейтін қазақстандықтар да, шетелдіктер де ұлттық тілімізге қарағанда доминантты орыс тілін үйреніп, орыс тілінде сөйлеуді қалап тұрады. Сондықтан әуелі қазақ тілінің мәртебесін көтерген жөн деп білеміз. Алайда, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтергенде елде тұрып жатқан азшылық ұлттардың құқықтарын бұзуға және болмайды. Демек, олардың құқықтарын қорғау мақсатында нақты бір жергілікті мекенде азшылық ұлт өкілдері (өзбек, ұйғыр, орыс т.б.) 50 пайыздан асса, қазақ тілімен қатар сол ұлттардың тілдерін сол елді мекенде қолданысқа енгізу керек деп ойлаймыз.
Профессор Ханрык ЯНКОВКСИ,
профессор ассистенті Гүлайхан АҚТАЙ,
Адам Митцкевич атындағы университеттің докторлары
Польша Республикасы, Познань қаласы
"Егемен Қазақстан" газеті