22 қыр, 2016 сағат 14:20

Лаңкестікке қарсы операция кезінде қазақстандықтардың ұялы байланысы бұғатталады

"Бүгін Астанада экстремизм мен терроризмнің алдын алу және оның жолын кесу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысы барысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков мәлім еткендей, бұдан былай лаңкестікке қарсы операция барысында 1-2 шақырым радиуста ұялы байланысқа тосқауыл қойылатын болады", - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Лаңкестікке қарсы операция жүргізу тиімділігін арттыру мақсатында 1-2 шақырымдық локальды аймақ радиусында желіні бұғаттау үшін сәйкесінше техникалық құралдар сатып алу мәселесі қарастырылуда. Бұл лаңкестердің қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды іске қосу, сонымен қатар террористік актіні жүзеге асыру кезінде бір-бірімен хабарласу үшін байланыс құралдарын пайдалануын болдырмауға байланысты қолға алынбақ», - деді ол.

Білісбековтың айтуынша, ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылған бейне бақылау камераларының санын 4 мыңнан 51 мыңға дейін ұлғайту да жоспарлануда.

ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары лаңкестік қауіпке мониторинг жасау және оны дер уақытында алудың маңызды элементі халықтың коммуникациялық мүмкіншілігін пайдалану болып отырғанын жеткізді. Бұл мақсаттарға Ақпарат және коммуникациялар министрлігі үш санды «110» нөмірін бөлді. Ол ҰҚК-ның барлық территориялық органдарына қосылған. Қалалық және аудандық телефон стансаларының абонентерімен де тұрақты байланыс қамтамасыз етілген. Ендігі уақытта KCell, Activ, Altel және Tele-2 ұялы байланыс операторларын «110» бірыңғай нөміріне қосу мәселесі қарастырылуда.

«Республика территориясында террористік қауіптің «сары» деңгейі енгізілгеннен бері халықтың ақпараттық белсенділігі 2 есеге жуық артты. Ай сайын ұлттық қауіпсіздік органдарына күдікті заттар, терактіге дайындық белгілеріне қатысты 50-ге дейін дабыл түсіп, оған орай жедел қызметтер шұғыл әрекет жасайды», - деді Н.Білісбеков.

inform.kz