18 шіл, 2019 сағат 16:25

Қызылжарлықтар Әдiлхан Макинге құрмет көрсеттi

«Славян базары» халықаралық байқауының жеңімпазы, қазақстандық әнші Әділхан Макинге туған жері Солтүстік Қазақстан облысында құрмет көрсетілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"Өңiр басшысы жас талантты атаулы жеңiсiмен құттықтады.

«Әдiлханның жеңiсi Қызылжар өңірi шығармашыл тұлғаларға бай екенiн тағы бiр дәлелдедi. Бiздiң өңiрден Ермек Серкебаев, Самал Есләмова және тағы басқа да белгiлi азаматтар шықты. Әдiлханның жеңiсi жастарға стимул бередi, оның жетiстiгi бәрiне үлгi. Ол облыс тұрғындарының ғана емес, барша қазақстандықтардың мерейін үстем етті», — дедi Құмар Ақсақалов.

Өңiр басшысы әншiге құрмет грамотасы мен 500 мың теңгенің сертификатын табыс еттi. Әдiлхан Макин облыс әкiмiне және жерлестерiне қолдау бiлдiргендерi үшiн алғысын бiлдiрдi.

«Байқау 15 шілде аяқталды. Енді міне туған жеріме келіп сый-құрметке бөленіп жатырмын. Сіздерді, туғандарымды, ұстаздарымды көргеніме қуаныштымын. Осындай жобадан кейін үлкен композитор, профессорлармен жұмыс істесем деген ниетім бар. Әлі халқымды жақсы әндермен қуантамын деген үміттемін. Үлкен істі бастамас бұрын туған жеріме барып, үлкендерден бата алғым келеді», - деді Әділхан Макин.

Әдiлхан Макин Мағжан Жұмабаев ауданында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында әр түрлi байқауларға бақ сынаған. Петропавл қаласындағы өнер колледжiнде оқыды. Кездесуге оның ұстаздары қатысып, үлкен жетiстiгiмен құттықтады.