22 там, 2019 сағат 07:01

Қызылордада құрылыс саласын цифрландыру қарқынды жүзеге асып жатыр


Қызылорда облысындағы құрылыс саласын цифрландыру жұмыстары нәтижесінде сыбайлас жемқорлық фактілері азайған.

Өңірде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында құрылыс саласы біртіндеп цифрлық форматқа көшіп жатыр. Осылайша, енгізіліп жатқан жаңа жобалар мен цифрлық технологиялар салаға айтарлықтай оң өзгерістер әкелу үстінде.

«TexStroi-Smart» жобасы техникалық қадағалау сарапшыларына оңтайлы болып отыр. Аталған жоба ай сайынғы есептерді басқармаға электронды форматта жолдауға мүмкіндік беріп қана қоймай, оны кез келген жерден жүзеге асыруға да ықпал етуде. Бұған қоса, басқарма қызметкерлерінің кәсіпкерлік субъектілерімен тікелей қарым-қатынаста болуы секілді сыбайлас жемқорлық фактілері жойылды», – дейді Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқарма басшысының міндетін атқарушы Марат Мырзабеков.

Оның айтуынша, «Halyq Monitoring» жобасында жаңа салынған құрылыс нысандары туралы барлық мәліметтер қамтылған. Осылайша, тұрғындар қажетті ақпараттарға, ашықтыққа қол жеткізе алады.

«Halyq Monitoring» жобасы құрылыс саласындағы заң бұзушылықтарды жоюды көздейді, яғни құрылыстың сапасына қатысты тұрғындармен кері байланыс орнату жолымен болған құқық бұзушылықтардың алдын алады. Нәтижесінде, бақылау шараларының тиімділігі артып, құрылыс жұмыстары жоғары деңгейде орындалады», – деп атап өтті  М.Мырзабеков.

Бүгінде Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы тарапынан 5 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, соның ішінде 4 қызмет «Е-лицензия» порталына көшірілген, яғни электрондық нұсқаға өткен. Осылайша, тұрғындарға 299 қызмет көрсетіледі, оның ішінде 125 қызмет сарапшылық қызметті аттестациялауға, 174-і лицензиялауға бағытталған.