
Қызылордада қаңтар айында коронавирус жұқтырған азаматтардың басым бөлігі Қызылорда қаласында тұрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Соңғы аптада өңірде 65 адам қатерлі індетке шалдықты. Олардың арасында 55-інің облыс орталығында тұрады.
«Кейінгі уақытта облыста коронавирус жұқтырған азаматтардың көбейіп бара жатқаны алаңдатып отыр. Мәселен, жыл басынан бері Қызылордада 217 адам қатерлі індеттің құрсауына іліккен. Науқастардың басым көпшілігі облыс орталығында тұратыны белгілі болды. Сондықтан тұрғындардан барлық сақтық шараларына назар аударуын сұраймыз», - деп мәлім етті Қызылорда облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бүгін облыста коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салу басталды. Өңірге бүгін «Спутник V» вакцинасының 1 мың дозасы келді. Жалпы, жыл ішінде 80 мың доза кезең кезеңімен жеткізіледі. Бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, созылмалы аурулармен сырқатанатын топтағы адамдарға салынады. Облыс бойынша 14 егу кабинеті белгіленді. Бұдан бөлек, шалғай елді мекенде тұратын азаматтарға вакцина салу үшін 46 жылжымалы егу бригадасы ұйымдастырылды.
