01 шіл, 2025 сағат 16:16

Қызылордада әйелін балталаған мұғалім 15 жылға сотталды

Фото: ашық дереккөз

Қызылорда облысының Бала би ауылында әйелін балталап, мүгедек еткен мұғалімге қатысты сот үкімі шықты. Сот айыпталушыны кінәлі деп тауып, 15 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Ult.kz.

Оқиға осыдан үш ай бұрын таңғы сағат төрт шамасында болған. Тергеу деректеріне сәйкес, педагог ұйықтап жатқан жұбайына балтамен бірнеше рет соққы жасаған. Жарақат алған 42 жастағы әйелді қызы байқап қалып, шұғыл көмек шақырған. Дәрігерлердің жедел әрекеті арқасында әйел аман қалғанымен, ауыр жарақаттардан кейін мүгедек болып қалды.

Сотталушы Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша жауапқа тартылды. Соттың айтуынша, айыпталушы балалардың оянғанын көріп, әрекетін тоқтатқан. Сотта оның кінәсі толық дәлелденді.

Прокурордың мәлімдеуінше, қылмыс ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушіліктің нәтижесінде орын алған. Жәбірленуші үкіммен келісті, алайда сотталушының туыстары жазаның тым қатал екенін айтып, наразылық білдірді.

21 жыл бойы биология пәнінен сабақ берген сотталушы мен жәбірленуші 11 жыл бұрын шаңырақ көтеріп, бес бала тәрбиелеп келген.