01 ақп, 2022 сағат 23:28

Қызылорда облысында өртенген үйде қалып қойған бір отбасы түгел күйіп қалды


Қызылорда облысында газ баллоны жарылуынан үй толығымен жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға 31 қаңтарда жергілікті уақытпен 23.55 шамасында болған. Сол уақытта Жалағаш ауданы Қаракеткен ауылындағы тұрғын үй жарылған. 

Келіп түскен шақырту бойынша оқиға орнына Жалағаш ауданы №11 өрт сөндіру бөлімінен 13 қызметкер 2 техника келді. 

Мамандар тарапынан тұрғын үйдің асханасында сыйымдылығы 50 литр болатын пропан газ баллоны жарылғанын анықталды.

Салдарынан үй қабырғасы құлап, үй толығымен жанған. 

«Өрт сөндірушілер аталған үйдің зардап шеккен тұрғындарын жедел жәрдем қызметіне табыстады. Өрт салдарынан 1965 жылғы азаматша, 1993 жылғы баласы мен келіні, 2020 жылғы сәбидің 17-25 пайыз шамасында денесі күйіп қалған. Олардың жағдайы жеңіл және орта ауыр деп бағаланып отыр. Бұл азаматтар Жалағаш ауданаралық ауруханасында дәрігерлердің қарауына алынған. Ал 2018 жылғы бала дәрігерлер бақылауынан кейін үйіне қайтарылды. Өрт салдарынан шығыны анықталу үстінде», - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ержепова.