22 қаң, 2021 сағат 17:18

Қызылорда облысында 227 бала коронавирус жұқтырған

Қызылорда облысында соңғы бес күнде 36 адам коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Бүгінгі күнге дейін өңірде коронавирус инфекциясымен науқастанған 3516 адам есепке алынған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны - 227.

Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырудың 10 дерегі тіркелді.

Оның 7-уі Қызылорда қаласында болса, 2-уі Шиелі және 1-уі Қармақшы ауданында тұратыны анықталды.

ПТР талдауларының 7-еуі профилактикалық мақсатта, 3-еуі КВИ жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болғандығы себепті алынған.

«Айта кетерлігі, 2 науқаста жөтел, әлсіздік, дене температурасының жоғарылауы, бастың ауыруы секілді ауру симптомы байқалған. Ал 8 пациенттен клиникалық белгілер анықталған жоқ», - деп мәлім етті Қызылорда облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомствоның хабарлауынша, науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар медициналық бақылауға алынды.

Профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар жүргізілуде.

Еске сала кетейік, Қызылордада жыл басынан бері 100-ден астам адам коронавирус жұқтырған.