Биылдан бастап құқық қорғау органдарына алғаш рет жұмысқа алынатын азаматтар үшін іріктеу процедурасы әкімшілік мемлекеттік қызмет стандарттарына жақындатылады. Яғни, бұдан былай құқық қорғау органдарындағы қызметтен үміткерлер заңнамалық білім деңгейін анықтауға арналған тестілеуден, жеке қасиеттерін бағалаудан және әңгімелесуден өтетін болады.
Осы үш сатының бастапқы екі кезеңі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде ұйымдастырылса, соңғы сатысы мүдделі мемлекеттік мекемеде жалғасады. Мұндай деректер агенттік кеңсесінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімделді. Айта кетейік, заман талабына сай жетілдіріліп жатқан мемлекеттік қызметке орналасудың жаңаша әдісі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында жүзеге асырылуда.
Ендеше, мемлекеттік қызмет санатына жататын құқық қорғау органдарына маман таңдау ісіне тыңнан қосылған тәсілдерді түсіндіріп көрелік. Мұндай жаңа жүйе азаматтың қыр-сырын танып, білуде қандай мүмкіндіктер береді? Осы секілді сан сауалға жауап беруде баса айтқымыз келетіні – жаңартылған жоба ең алдымен үміткердің заңнамалық білім деңгейін анықтауға бағытталғандығы.
Сондай-ақ, жеке қасиеттерін бағалау әдісі үміткерлердің жақсы жақтары мен кемшін тұстарын, қабілет-қарымын анықтауға негізделген. Соның ішінде, азаматтардың қажеттілік мүдделері мен кейбір қасиеттерінен хабардар болуын, адамдармен жұмыс істеу мүмкіндігін, ұйымдастырушылық шеберлігін, әдептілігі мен сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілігін анықтауға септігін тигізеді. Ал соңғы әңгімелесу кезеңінде кандидаттың қажетті құзыреттері мен дағдыларын, талдау қабілетін, өзінің ой-пікірін білдіре алу мүмкіндіктері айқындалады. Бұл ретте үміткерге бейімдік, уәждемелік сұрақтар, құзыреті бойынша сәйкес сауалдар қойылып, коммуникациялық қасиеттерін байқау үшін ахуалдық есептерді шешу ұсынылады.
Мемлекеттік және құқық қорғау қызметіне іріктеу басқармасының жетекшісі Еркебұлан Бердібеков тестілеу процедураларының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету мәселесіне қатысты былай деді: «Агенттіктің тестілеу залдары мобильді байланысты бәсеңдету құралдарымен және үміткерді айқындау мақсатында арнайы кардридерлермен жабдықталатын болады. Сондай-ақ, әрбір жұмыс орны үміткерді фотоға түсіре отырып, тестілеу үдерісінің бейнежазбасын жүргізу үшін веб-камералармен қамтылады. Мәселен, сіз тестілеу процедурасын бақылауға ниет білдірсеңіз, оны Астана қаласындағы агенттіктің арнайы кабинетіне орнатылған экран арқылы көре аласыз. Жалпы, еліміз бойынша жыл сайын тестілеуден 37 мыңнан астам азамат өтетіндігін ескерсек, алдағы уақытта жаңа жүйе өз тиімділігін көрсетеді деген сенімдеміз».
Мамандардың айтуынша, үміткер тестілеуден сәтті өткен жағдайда оған арнайы сертификат, ал жеке қасиеттерін бағалау бойынша арнайы қорытынды беріледі. Бұл құжаттардың жарамдылық мерзімі 12 айды құрайды және сөз басында айтып өткеніміздей, кез келген құқық қорғау органдарының байқауына тестілеусіз қатысуға құқық береді.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»