Ел экономикасындағы көлеңкелі айналымды азайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Үкіметтің баспасөз орталығында ҚР қаржы министрі Әлихан Смайылов айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Мемлекет басшысы көлеңкелі экономика үлесін үш жылда кем дегенде 40% қысқарту туралы тапсырма берді. Қаржы министрлігі бизнесті қолма-қол ақшасыз есепке ынталандыра отырып, көлеңкелі айналымды қысқартуға бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірледі. Жоспар 60 тармақтан тұрады.
«Ең алдымен, Министрлік салық және кедендік әкімшіліктендіруді цифрландыру міндетін алға қойған. Біз қызметімізді қаншалықты цифрландырсақ, соншалықты жұмыс тиімділігі артып, салық түсімдері ұлғаяды, яғни көлеңкелі экономика үлесі азаяды», — деді Ә. Смайылов.
Оның айтуынша, өткен жылы әкімшілендіруді жетілдіру, соның ішінде цифрландырудың есебінен түсім 410 млрд теңге қосымша салықты құрады. Биыл ведомство кедендік және салықтық әкімшілендіру есебінен қосымша 520 млрд теңге алуды көздейді.
«Біз Қытай Халық Республикасынан ағындар бойынша жұмысты жақсарту есебінен осы 520 млрд теңгеге қосымша, бюджетке 200 млрд теңгеге дейін кіріс алуды жоспарлап отырмыз. Көлеңкелі импорттан бастап, көлеңкелі айналымды азайту үшін осы жұмысты жүргізу керек», — деді қаржы министрі.
Сонымен қатар, Қытай тарапынан экспорттық декларацияларды электронды түрде алуға мүмкіндік беретін жұмыстар жүргізілуде.
«Олармен бірлесіп көліктің ішіндегі тауарлар туралы барлық ақпарат жазылатын құлып көлік құралына ілініп тұратын "Пилоттық құлып" деп аталатын жобаны іске асырамыз», — деді Ә. Смайылов.
Сондай-ақ, нақты уақыт режимінде салық міндеттемелерін орындаудың ашықтығын қамтамасыз ететін блокчейн секілді жаңа заманауи технологияларды енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде, ол алаяқтық схемаларын жоюға ықпал етіп, жеткізушілер тізбегін дереу қадағалауға мүмкіндік береді.
«Министрлік өз тарапынан жаңа цифрлық технологияларды мейілінше пайдалану мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдайды. Мысалы, 2018 жылы Қаржы министрлігі 22,2 млн мемлекеттік қызмет көрсетсе, оның 94% электронды түрде көрсетілген», — деді Ә. Смайылов.
Бұдан өзге, ел ішінде көлеңкелі айналымның үлесін азайту үшін электрондық шот-фактуралар, виртуалды қойма, блокчейн технологияларын қолдану арқылы жеке есептер арқылы ҚҚС әкімшіліктендіру, онлайн бақылау-кассалық машиналарын пайдалану секілді бірқатар ақпараттық жүйелер іске асырылуда.
Сонымен қатар, Ә. Смайылов Президенттің Экономикалық тергеу қызметін (ЭТҚ) қайта ұйымдастыру туралы тапсырмасын орындау барысы жайында айтып берді. ЭТҚ Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг комитетіне беріледі. Бұл тұрғыда тиісті заңнамалық норма қабылданып та қойды. Қазіргі таңда тиісті заңнаға қосымша актілерді қабылдау шаралары жүргізілуде.
Жаңартылған ЭТҚ жұмысы барлық қолжетімді ақпарат көздерінен, оның ішінде банктерден және басқа ұйымдардан деректерді өңдеу арқылы талдамалық және АT-құрауыштарды күшейтуге бағытталады. Қаржылық қылмыстардың алдын алуға, орын алған жағдайлар мен себептерді анықтауға, капиталды шетелге заңсыз шығарудың жолын кесуге және көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жұмыстарына екпін берілмек.