Көпшілікке «Қос өзен елі» деп танылған Қазталов ауданы тарихи жерлер мен табиғат кереметтеріне толы. Облысымыздың жеті кереметіне енген Сарыөзен мен Қараөзен, сайын даланың төл перзенті киік, тарихтың ізі қалған обалар ауданымыздың мәдени ескерткіштерге бай екенін тағы бір дәлелдей түседі. Бұл бізге белгілісі ғана. Ал аудан тұрғындарының назарына ілікпей, елеусіз қалған жәдігерлеріміз қамшама?! Сондай жәдігерлеріміздің бірі – Қайыңды даласында өсетін Шрейк қызғалдақтары. Қайыңдыда қызғалдақ өсетінін еститінмін. Алайда сол қызғалдақтардың басқа қызғалдақтарға қарағанда әдемі екенін, өзгеше екенін жақында ғана ауданымызда өткен фестивальдің арқасында білдім. «Қызғалдақ – көктем» деп аталатын халықаралық фестиваль Елбасының «Болашаққа бағдар : Рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жердің қасиетті географиясы» жобасы аясында туған жердің табиғи байлығын жаһанға паш ету мақсатында өтті.
Қазталов ауданына қарасты Қайыңды ауылының аты атала қалса, өңір тұрғындарының ойына бірден Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтің есімі оралады. Қайыңды топырағынан түлеп ұшқан Данияр ағамыздың есімін бүгінде күллі қазақ жұрты біледі. Ал Данияр ағамызды түлеткен Қайыңдының топырағында гүл патшасы қызғалдақтың ең әдемі түрлерінің өсетінін бірі білсе, бірі білмейді. Туған өңір төсінде өсетін сұлу қызғалдақтарымызды тек жергілікті тұрғындар ғана емес, барша қазақ жұрты білуі тиіс. Осыған орай аудан әкімі Абат Шыныбеков ағамыз бастаған атқамінерлер туған жердің өсімдігін дәріптейтін шара өткізу туралы істі қолға алған болатын. Соның нәтижиесінде ауданымызда тұңғыш рет екі күнге созылған «Қызғалдақ – көктем» атты фестиваль өтті.
Лалагүлдер тұқымдасына жататын бұл көпжылдық өсімдіктің Қараөзенді бойлай орналасқан Қайыңды аймағында өсуі де аудан мерейін одан әрмен асқақтата түседі. Нәзіктіктің символы саналатын қызғалдақтың жер бетінде 150-ден астам, Қазақстанда 32 түрі кездеседі екен. Соның ішінде Қайыңды даласында қызғалдақтың онға жуық түрі өседі. Олар: ақ түсті «Мурильо» қызғалдағы, сары түсті «Ибис», қызыл түсті «Альберт», күлгін түсті «Баттерфликс», алқызыл «Бренстром», ақ теңбілді «Элиза патшайым». Бұл қызғалдақтардың ғылыми атауы. Ал қарапайым түрде біз оны түсіне қарап «қызғылт қызғалдақ», «сарғалдақ», «ақғалдақ» атап кеткенбіз. Осы тектес әсем гүлдердің арқасында Қайыңды жеріне құдды бір гүлді кілем төсеп қойғандай көрінеді. Сол кілемді көркейтіп тұрған қысқа күндік сұлу қызғалдақтар келген қонақтарына ізетпен амандасып тұрғандай...
...Батыс өңіріне биыл көктем кеш келіп, қар мырза кеткісі келмей ұзақ жатып алған еді. Соның салдарынан Жайық өңірінде ағаштар кеш гүлдеп, қызғалдақтар да мамырдың басында ғана қауыздарын ашты...
Сол күні Қайыңдыға барғанда көзіме алғаш көрінгені талдырмаш қызғалдақтар мен ақ басты киіз үйлер. Қызғалдақтар өздерінің бұл жерді бұрыннан мекен етіп алғанын, ал киіз үйлер Қайыңдыда көңілді фестиваль өтіп жатқанын айтып тұрған іспетті. Қызғалдақтарды таптап кетпейін деген оймен аяғымды жаймен басып, алаңға беттедім. Алаңда этно ауыл, қолөнер көрмелері мен спорттық жарыс өтетін алаңқайлар қоныс теуіпті. Мұндағы халықтың көпшілігі ұлттық киіммен жүр. Ұлттық нақышта киінген адамдар мен алыстан көз тартар киіз үйлер осыдан бірнеше ғасыр бұрынғы қазақ халқының тұрмыс- тіршілігінен сыр шертіп тұрғандай. Қайыңдының қызғалдағын арнайы көрмекке еліміздің өзге өңірлерінен келген қонақтардан бөлек, көршілес Рессейден де арнайы делегаттар келіпті. Қайыңдыда қызғалдақтар фестивалінің өтетінін біліп, Данияр ағамыздың анасы Ғалия апай да туған жеріне табан тірепті. Өнері өрге жүзген Донеділ Қажымов, Гүлнар Дәукенова, Жаскелең Ғайсағалиев, Дина Хамзина, Нұрғиса Дәуешов пен Марат Сарбөпеев сынды аға-әпкелеріміз де қызғалдақтарды көру үшін алыстан ат арттырып келді.
Кіреберіс қақпа маңына қызғалдақтар жайлы мағлұматтар жазылған екен. Келген халықтың көпшілігі қызғалдақтар жайлы танымын көбейтпекке сол мағлұматтар тақтасының жанына жиналыпты. Ал таным тақталарының жанына «Гүлдер калейдоскопы» деген атпен аудан қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдарын тамашалауға мүмкіндік беретін қалдықсыз көрме ұйымдастырылыпты. Бұл көрменің мақсаты – тұрмыстық қалдықтарды пайдалану арқылы қызғалдақ гүлінің жасанды нұсқасын жасау. Жасанды деймін-ау, көрмеге қойылған әрбір қалдықсыз өнер туындысы кез келген адамның көзіне шынайы қызғалдақпен пара-пар боп көрінеді. Көрмеге қағаздан жасалған қызғалдақтан бастап, қасық пен пластмасса құтыларынан жасалған қызғалдақтарға дейін қойылыпты. Барлық қолөнер туындысына еріксіз таңдай қағасың. Әсіресе, қағаз майлықтардан жасалған жасанды қызғалдақ алаңына қызықпай кетуге болмайды. Киіз үйге бас сұққан әрбір адам шаңырақ ішіндегі әжелердің қолынан дәм татпай кетпеді. Көк майсаның төріне жайғасқан ақ жаулықты әжелерімнің ән шырқай отырып ұршық иіріп, кесте тоқып отырғаны көңілге қуаныш сыйлайды. Әсіресе, Баян Қабиева әжеміз жетекшілік ететін «Шапағат» әжелер ұйымының ақ жаулықты аналары жасаған «ЭКСПО» көрпесі мен Қазақ хандарының ақ киізі сырт көзге сондай әдемі боп көрінеді. Әр киіз үйде ұлттық қолөнер туындыларын көзбен көріп, халықтық салт-дәстүрлеріміз бен мәдениетімізден хабардар болуға болады. Одан бөлек Толқын Моншатаева есімді жерлес әпкеміздің қолынан шыққан шыққан ұлттық киім үлгілері қонақтардың көңілінен шықты. Көгілдір аспан аясына жастар үшін арнайы құрылған көңілді алтыбақан мен бүлдіршіндердің қолынан шыққан әдемі батпырауықтар фестивальдің шырайын одан әрмен аша түсті. Ал ауданымыздың бір топ өнерлі жас домбырашылары бастаған өнерпаздар сол күн бойына аудан тұрғындары мен қонақтарының көңілін көтерді.
Фестиваль төңірегінде эстрадалық ән орындаушылардың І халықаралық байқауы өтті. Еліміздің өңірлері мен көршілес Ресейден келген жезтаңдайлардың әрқайсысы да жүлдеге лайық. Десе де көп арасынан үздік деп ауданымыздың талантты ұлы Айымбек Сартөков танылды. Одан бөлек санада ұмыт боп бара жатқан қол күрес, бел күрес, жебе тарту мен аударыспақ сынды ұлттық ойындарымыз қайта жанданып, фестивальдің көркін қыздырды. Қайыңды қызғалдағының қазіргі жағдайы жайында пікір алмасу да маңызды шарадан шет қалған жоқ. Пікір алмасуға есімі елге танымал журналистер, ғалымдар мен профессорлар, өнер қайраткерлерімен қатар аудан тұрғындары да қатысып, дала гүлі қызғалдақты сақтап қалу жөніндегі ойларын талқыға салды. Айтулы шара төңірегінде ауданның жалынды жастары текке қарап отырмай, веложорық ұйымдастырды. Жүрегінде оты бар аға-әпкелерім 150 шақырымдық жолды екі күннің үшінде жүріп өтіпті!
Бұл фестиваль тек өнер мен мәдени істерге толы болды десек, қателескеніміз. Қайыңдының қызғалдақты даласында жеке кәсіпкерлердің қолдауымен жәрмеңке де өтті. Көк шалғынның үстінде отырып дәмі ауыздан кетпейтін қымызы мен бауырсақ, құрт пен қуырдақты да осы жерден табуға болады. Міне, ауданымызда өткен «Қызғалдақ – көктемнің» есте қалар сәттері. Қызғалдақты мерекенің ең басты ерекшелігі неде деп сұрасаңыз, айтайын. Ол – шараға қатысушы қонақтардың да, көрермендердің де көңілді боп жүруі. Сол күні мен тұнжырап жабырқаған бірде-бір адамды көрмедім. Бірі қызғалдақтың жұпар иісін иіскегеніне, бірі өз атамекеніне келгеніне, ал балалар жағы алтыбақанға тербелгеніне мәз болғандай шаттанып жүрді. Ал көршілес Ресей мен шет облыстардан келген қонақтарымыз Қайыңдының сұлу қызғалдақтарына сүйсінумен болды.
Қызғалдақ – Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген өсімдік. Бүгінгі тақырыбыма арқау болған «Қызғалдақ – көктем» фестивалі даланың сұлу гүлін сақтап қалу, келешек ұрпаққа, біздерге аманаттап қалдыру мақсатында өткізілді. Бұл шара өзінің өзектілігі арқасында қызғалдақтардың еркін өсуіне, оларды қорғаушылардың көбеюіне мүмкіндік берді. «Қызғалдақ – көктемді» бір көрген адам осы бір қысқа ғұмырлы гүлге қол тигізер алдында ойланатын шығар. Менің осыдан соң қызғалдақ теруге деген құлшынысым сөнгендей болды. Қайыңдыға барарда анама бір құшақ қызғалдақ әкелем деп ойлап ем. Алайда олай болмай шықты. Өйткені қызғалдақтар маған «мені жұлмашы, менің өмір сүргім келеді» дегендей көзқараспен қарады...
Аяжан Ғаппар,
Әжібай ауылы,
Қазталов ауданы,
Батыс Қазақстан облысы
Бірік орта жалпы білім беретін мектебінің оқушысы