Қытайға сиыр етін экспорттауға құқығы бар кәсіпорындар тізілімі кеңейтілді. Бұл жайында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің facebook-тағы парақшасында жарияланған ақпаратта айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2019 жылдың 10 мамырында Қытайдың Бас кеден басқармасы Ақтөбе облысының «Ақтөбе ет комбинаты» ЖШС, Алматы облысының «MPS» ЖШС және «Байсерке Агро» ЖШС Қазақстаннан сиыр етін әкелуге құқығы бар кәсіпорындар тізіміне енгізді. Сонымен қатар, Ақмола облысының «Astana Agroproduct» ЖШС-ін осы тізімге енгізу туралы шешім күтілуде», - делінген ақпаратта.
Еске сала кетейік, 26 сәуірде Бейжіңдегі «Бір белдеу - бір жол» екінші форумы аясында ет және ет өнімдеріне ветеринарлық сертификат берілді. Тізілімге 5 қазақстандық кәсіпорын кірген болатын.