26 мау, 2018 сағат 07:21

Қазақ тілін еркін меңгерген қытайлық жігіт Қазақстан туралы ойын айтты

Әлемнің он бес тілін еркін меңгерген қытайлық Люй Сяң алғаш шет тілдерін үйренуді қазақ тілінен бастаған екен. Және арнайы курстарға да қатыспай шыңжаңдық достарынан үйреніпті. Тек қазақ тілін ғана емес, сонымен қатар басқа да шет тілдерді өздігімен үйренген Люй тіл үйренудің оңтайлы жолдары және қазақстандықтар жайлы ойларын бөліскен еді...

Менің қазақша атым - Нұржан

Менің атым - Люй Сяң. Қазақша атым - Нұржан. Нұрлан, Нұрбол деген достарым бар, Нұржан деген жоқ, содан менің атым Нұржан болады деп шештім. Қытайдың Тянцзинь қаласынанмын. Ұлтым - қытай. Пекин университетінде халықаралық қатнастар мамандығы бойынша білім алдым, кейін магистратураны Италияда бір жыл, Германияда бір жыл экономика саласы бойынша тәмәмдадым. Дәл қазір мектепте ағылшын, неміс, испан, итальян тілдерінен сабақ беремін. Одан бөлек репетитор ретінде оқушылардың үйіне барып, шет тілдерін үйретемін.

Қазақ тілінің арқасында көптеген қазақ достар таптым

Қазақ тілімен танысуым университетке қабылданған кезден басталды. Ол кезде жатақханада тұратынмын. Көршім Нұрлан деген шыңжаңдық қазақ болды. Ол қытайша өте жақсы сөйлейтін. Бірде оның өзге тілде сөйлегенін естіп, бірден қызығушылығым оянды. Бұл тіл жайлы сұрап, үйретуін өтіндім. Ол бірден келісті. Содан соң қазақ тілі деген кітап сатып алып, оқи бастадым. Нұрлан кирилл әріптерін білмегендіктен, ережелерді өз бетіммен оқып, үйренуге тура келді. Кирилл әріптерін мектепте жүргенде аздап оқи алатынмын, сондықтан ол жағынан аса қиыншылық туған жоқ. Қазақ тілінің арқасында көптеген қазақ достар таптым. Олармен үйренген дүниемді пысықтап отырдым.

Ұйғыр тілін бір айдың ішінде үйреніп алдым

Алғаш шет тілдерін үйренуді ағылшын тілінен бастағаныммен, оны тәжірибе жүзінде сол елдің өкілімен тілдесу арқылы жүйелі түрде жаттығу мүмкіндігі болмады. Тек теория жүзінде оқып, сонымен шектелдім. Кейін қазақ достарыммен кездескен соң, қазақ тілін оқып қана қоймай, төрт жыл бойы күнделікті осы тілде сөйлеп, сөздік қорымды толықтырдым. Қазақ тілін меңгерген соң, ұйғыр тілін бір айдың ішінде үйреніп алдым. Одан соң осы тілге ұқсас түрік тілін де үйрендім. Бұл тілдерге жол ашқан қазақ тілі болды. Одан өзге пайдасына тоқталсам, бастапқыда ағылшын тілінде дыбыстарды, әріптерді дұрыс айта алмайтынмын. Бірақ қазақша үйренгенде достарым, әр қатемді түзеп, әріптердің дыбысталуын үйретіп, акцентімді жоюға көмектесті. Кейін ағылшынша дыбыстауым да жақсарды.

"Сөзің түсініксіз, дұрыс айтпайсың" дейтін

Тіл үйренушілерге берер кеңесім, бастысы сөйлей беріңіздер. Акценттен, қате айтудан қысылмай мүмкіндік болса, сол тілде сөйлейтін адамдармен тілдескен жөн. Оқу мен сөйлеу қатар жүруі керек. Мен қазақша сөйлегенде алғашқы кездері, Ырысжан деген досым "сенің сөзің түсініксіз, дұрыс айтпайсың" дейтін. Іштей оның сөздеріне ренжитінмін, бірақ үйренуді, сөйлеуді тоқтатпадым. Мен он бес тілді де еш қосымша курска бармай, достарымның көмегімен үйрендім. Егер адамда шын ниет болса, кез келген тілді меңгеруге болады.

Қазақстан жайлы қытай халқы көп біле бермейді

Қазақстан жайлы қарапайым қытай халқы көп біле бермейді. Кеңес Одағының құрамында болғанын ғана білуі мүмкін. Сол себепті қазақтардың ана тілі орыс тілі, түрлері орыстарға ұқсас деп ойлайды. Орталық Азия мемлекеттері экномикалық әлеуеті жағынан бірдей деп ойлайды. Шындығында Қазақстан экономикасы жағынан, қазба байлығы жағынан әлдеқайда жоғары. Орталық Азия елдерінің ішінде көш басында келеді. Қазақстанға барып көрмедім, сол себепті ол ел туралы білетінім де көп емес. Үш жүзге бөлінетінін, Найман, Албан, Керей деген рулар бар екенін білемін. Және өзге Орталық Азия елдеріне қарағанда Қазакстанда орыс көп. Сол себепті кейбір қалаларда тек орысша сөйлейді. Менің бір екі қазақ достарым бар, олар мүлде қазақша сөйлей алмайды.

Мемлекеттік деңгейде екі ел өте жақын, әрі тату дос. Бірақ қарапайым халықтың түсінігі басқа. Бірін бірі туралы мүлде білмейді. Ол осы тілді білмегеннің салдары деп ойлаймын.

“Музарт”, “Орда” топтарының әндері ұнайды

Қазақ мәдениетімен таныстығым тілді үйренген соң басталды. Қазақша әндер тыңдап, киноларын көрдім. “Музарт”, “Орда” топтарының әндері ұнайтын. Есімде қалғаны “Сағындым Алматымды”, “Белгісіз жан” әндері. Көп киноларын да көргенмін. Бірақ аттары есімде қалмапты, тек “Жаралы сезім” деген киноны ұмытпадым. Ақындардан Абай Құнанбайұлын оқыдым.

Шыңжаңдық қазақтар мен қазақстандық қазақтар екі түрлі

Қазақстан туралы көп білмеген соң болар Қытаймен ұқсастық таппадым. Қытайдың Кореямен, Жапониямен ұқсас жерлері көп. Тіпті қазақтарды алатын болсақ, шыңжаңдық қазақтар мен Қазақстандық қазақтар екі түрлі. Біріне қытай тілі, мәдениеті әсер етсе, екіншісінен орыстардың әсерін байқауға болады.

Білім беру жүйесі, тәрбие бөлек. Мысалы, қазақ қыздарын дос ретінде құшақтауға болады, ал қытайлық қыздарға немесе шыңжаңдық қазақ қыздарға олай жасау ерсі көрінеді. Бізге ол жат.

Шыңжаңдықтар Қазақстаннан келген қазақтармен сөйлесу қиын дейді. Олармен келісемін. Қазақтар өз араларында қазақша сирек сөйлеседі. Кейде қытайлық қазақтарға жоғарыдан қарайтындай көрінеді. Темір деген қазақстандық досымнан неге олай етесіңдер дегенімде, “Олар кедей. Аз табыс табады” деген болатын...

Қазақтар өте жақсы, сәнді киінеді

Студент кезімде қазақ достарым көп болатын. Олар маған қазақшаны тез үйренуге көп септігін тигізді. Қазір де бар қазақ достарым, бірақ бұрынғыдай көп емес.

Қазақтардың мінезі туралы айтар болсам, олар ашық. Кез келген адаммен бірден сөйлесіп кетеді. Билегенді жақсы көреді және жақсы билейді де. Қазақтардың мінезін көбінше орыстарға ұқсатамын.

Алғашқыда маған қызық көрінгені, қазақша сөйлей бастасам, шыңжаңдықтар таң қалатын, ал қазақстандықтар онша таң қала қоймайтын және кейбіреуі қазақша сөйлегісі келмейтін.

Қазақтар өте жақсы, сәнді киінеді. Ол орыстардың әсері деп ойлаймын. Қытайлықтар киімге, сәнге аса мән бермейді.

15 кг салмақтан арылдым

Әдетте сағат таңғы бесте тұрамын. Одан артық ұйықтай алмаймын. Содан соң жаңа сөздер жаттап, жаңалықтар оқимын. Стадионға барып, 5 км жүремін. Соның арқасында 15 кг салмақтан арылдым. Футболды жақсы көремін. Кейде достарыммен кездесіп, футбол қараймыз.

Германия халқының мәдениеті жаныма жақын

Он бес елдің тілімен, мәдениетімен таныспын. Соның ішінде Германия халқының мәдениеті жаныма жақын. Өйткені олардың көпшілігі тәрбиелі, білімді, заңды құрметтеп, оған бағынады. Адамдардың бір біріне деген қарым қатынасы да жақсы. Ойындағысын бүкпей, ашық, тік айтады және одан олардың бір біріне деген көзқарасы өзгермейді. Қазақстанда қалай екенін білмеймін. Бірақ қытайда олай пікіріңді тік айтар болсаң, жақын достарыңның өзін жоғалтып алуың мүмкін.  

Әйелді қытайдан емес, өзге ұлттан алғым келеді

Әйелді қытайдан емес, өзге ұлттан алғым келеді. Өзім бірнеше тілді білгендіктен, маған өзге ұлтпен түсінісу оңай. Бір жағынан өзге бір тілді үйренуге тағы бір мүмкіндік туады.

Қазақ тағамдары ұйғыр тағамдарына ұқсас деп ойлаймын

Қазақ тағамдарынан құрт жеп көрдім, өте тұзды әрі қатты болады. Өзгесін көрмедім. Жалпы аттарын білемін: қаймақ, нарын, самса. Қазақ тағамдары ұйғыр тағамдарына ұқсас деп ойлаймын. Болашақта жеп көрермін деп үміттенемін.

Білетін тілдерім: ағылшын, испан, португал, итальян, неміс, жапон, кәріс, француз, орыс, нидерланд, румын, қазақ, ұйғыр, түрік, қытай тілдері.

Дайындаған Айнұр Сләмғажы,

Бейжің қаласы