14 там, 2018 сағат 15:46

Қытайдағы қысым туралы татарлар да айта бастады

Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағында тұратын татарлар ойын ашық айтудан жасқанып, әлеуметтік желілердегі аккаунттарын жауып жатыр. Ал Қытай билігі енді әр азаматтың "адалдығын" бағалайтын "әлеуметтік несие жүйесін" енгізбек, деп жазады Азаттық.

"ҚОРЫҚҚАНДЫҚТАН ХАТТАРЫМЫЗҒА ЖАУАП БЕРМЕЙДІ"

Бірнеше жыл бұрын Татарстанға Қытайдан көшіп келген отбасы Ресей азаматтығын ала алмаған. Олар Қытайдың халық медицинасымен айналысып, адамдарды инемен емдеп күнелткен. Бұл отбасының Австралияда тұратын танысының айтуынша, олар дәрі-дәрмек әкелу үшін бірнеше ай бұрын Қытайға кеткен, бірақ сол күйі оралмаған. Қазір олардан еш хабар жоқ.

Қытайда тұратын отандастарымен аралас-құралас болған ресейлік татарлар "кейінгі кезде олармен қарым-қатынас үзіліп қалды. Қорыққандықтан хаттарымызға жауап бермейтін болды" деп шағынады.

Азаттық радиосы Татар қызметінің Австралияда тұратын дереккөзінің сөзінше, жуырда Үрімжіде оның екі туысы ұсталған. Ол туыстарының не себепті ұстағанын білмейді, бірақ діни көзқарасына байланысты болар деп топшылайды.

- Олардың қайда екенін білмеймін. Мүмкін түрмеде, мүмкін лагерьде отырған шығар. Бірақ лагерь де түрме ғой, - дейді ол.

Азаттықтың Татар қызметінің дерегінше, Қытайда бизнесмен Тұрсынтай Галиев 25 жылға сотталған. Ертеректе ол Қытай азаматтарының, Қытайдағы татар студенттердің Татарстанға оқуға түсуін ұйымдастырған. Галиевтің Шыңжанның әкімшілік орталығы Үрімжіде бірнеше дүкені болған. Түркия, Ресей және өзге елдердегі таныстарымен сауда-саттық жүргізген.

Туыстары ол Түркияға барғаны үшін қамалуы мүмкін деп топшылайды. Бұған қоса, Галиев Дүниежүзілік татарлар конгресінің Қазан қаласында өткен жиынына да қатысқан. Биыл Татарстан астанасында өткен жазушы Рабит Батулланың шығармашылық кешіне оның баласы келген.

Үрімжідегі татар мешіттерінің бірі.

Биыл Үрімжіде татарлардың дәстүрлі мерекесі Сабантой да өтпеген. Ресейдің Түмен облысында тұратын бизнесмен Ринат Насыровтың сөзінше, былтыр соңғы рет барғанда Үрімжіде полиция қарасы көбейіп, бүкіл жерде металл іздегіш құралдар орнатылған, адамдар жаппай тексерген.

Насыровтың айтуынша, бұрын Қытайда қуғын-сүргінге көбінесе ұйғырлар ұшырап, билік татарларға тиіспейтін. Сондықтан кей ұйғырлар қысымнан қорқып, өздерін татармыз деп атайтын. Провинция шенеуніктерінің ішінде татарлар да бар. Депутаттардың бірі - этникалық татар.

Жуырда Қазақстанда Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың әлемде резонанс тудырған соты аяқталды. Қазақстан билігі оны Қытайдың сұрауы бойынша ұстаған. Тамыздың 1-і күні Алматы облысында өткен сотта Сайрагүлге алты айға шартты жаза кесіп, қамаудан босатты. Қазақстан соты Сауытбайды "мемлекеттік шекарадан заңсыз өтті" деген айыптаған. Ол тарихи отанына сәл ертеректе көшіп кеткен отбасына қосылу үшін Қытайдан Қазақстанға қашқанын айтқан.

Сайрагүлдің айтуынша, ол Қазақстанға заңды түрде кетпек болған, бірақ Қытай билігі елден шығуына тыйым салған. Қазақстанға көшіп кеткен туыстарыңды Қытайға оралуға көндір деп мәжбүрлеген. Ақыры ол Қазақстанға еріксіз қашқан. Бұдан кейін Қытай Сайрагүлге іздеу жариялап, оны экстрадициялауды талап еткен. Заңгерлер "Сайрагүлді Қытайға депортацияланған жағдайда оны өлім жазасына кесер еді" дейді. Туыстарының сөзінше, Сайрагүл Қытайдағы "саяси қайта тәрбиелеу лагерінде" жұмыс істеген.


Сотта Сайрагүл ұйғыр, қазақ және қырғыз сияқты мұсылмандар шоғырланған Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағының батысындағы мұсылмандарды қайта тәрбиелеу лагерьлері туралы айтып берген. Ол Қытай Коммунистік партиясының мүшесі болған.

- Шындығында, ол – таудың ішіне орналасқан түрме. Мен жұмыс істеген лагерьде кілең қазақтар отырды. Бұған қоса, өлкеде осындай тағы екі лагерь бар деп естігенмін, - деді ол сотта.

Сайрагүлдің сөзінше, лагерьде жазасын өтеп жатқан адамдардың ұлттық құрамы мен саны туралы ақпаратты жариялау сатқындыққа баланады. Қытай билігі Сауытбайды мемлекеттік құпияны ашты деп айыптайды.

Қытайда тұратын этникалық ұйғырларды кемсіту оқиғалары туралы жиі айтылатын. Ал Сайрагүлдің бас сауғалап, ата-жұртына қашып баруы Қытайдағы қазақтардың да проблемасын көрсетті. БАҚ деректерінше, жергілікті қазақтарға қысым аймақ билігіне Чэнь Цюаньго тағайындалған соң басталған. Ол 2016 жылғы тамыздан бері Қытай Коммунистік партиясының жергілікті бөлімін басқарады.

Чэнь - Тибеттегі қатал этникалық саясатымен танылған адам. Оны Шыңжанға ауыстырғаннан бері этникалық қазақтар Қытайдан Қазақстанға үдере көше бастаған. Мысалы, 2015 жылы өзге елдерге 628 қазақ қана көшіп кетсе, 2017 жылы олардың саны 3184 адамға жеткен.

Қытай билігі ұйғырларды "идеологиялық дерт жұқтырғандар" деп сипаттап, олар қайта тәрбиеленуі немесе қайта оқуы тиіс деп санайды. Мұсылмандарды "шариғат заңдарын қалтқысыз орындайды" және "саяси тұрғыдан қате идеяларды", "террорлық идеологияны" ұстанады деп айыптайды. Бірақ Қытай билігі елде белсенділер мен Сайрагүл сипаттап берген лагерьлер барын әзірше ресми мойындаған жоқ.

"Еркін Азия" радиосының Ұйғыр қызметінің дерегінше, Шыңжанның өзінде ғана мұндай үш лагерь бар. Ал оларда 45 мыңнан аса адам қамауда отыр. Журналистердің мәлімдеуінше, лагерьлерді қарулы адамдар күзетеді.

Лагерьдегі адамдарды саяси қайта тәрбиелеуден бөлек, оларға қытай тілін күштеп үйретеді. Іште не болып жатқанын ешкім көрмес үшін "қайта тәрбиелеу" мекемелерін биіктігі үш метр болатын дуалдармен айналдыра қоршап тастаған. Жуырда Қытайдың Global Times ресми газеті лагерьлерді "тренинг мекемелері" деп атады.

Журналистер түрлі дереккөздерден ақпарат жинап, лагерьдегі жағдайдың нақты картинасын құрастыруға тырысады. АҚШ Конгресінің өкілдері Марко Рубио мен Крис Смиттің пікірінше, мұндай лагерьлерде 500 мыңнан бір миллион адамға дейін "қайта тәрбиелеуден" өткен я өтіп жатыр. Олар лагерьлердегі "оқытуды" аз ұлт өкілдерін жаппай бостандықтан айыру оқиғасы деп атаған.

"АДАЛДЫҚТЫ ТАРАЗЫЛАЙТЫН ЖҮЙЕ"

Қытайдың мұсылмандар көп шоғырланған аймағында мұсылмандарды қудалау арнайы мекемелерде "қайта тәрбилеумен" ғана шектелмейді. Немістің Der SPIEGEL журналы тілшілерінің мәлімдеуінше, қазір Шыңжан-Ұйғыр автономиялық аймағында жаппай бақылау жүйесін құрып жатыр. Жергілікті халықты бақылау үшін билік қазіргі заман технологияларын пайдаланады. Журналистердің сөзінше, лагерьлерде қазірдің өзінде ондаған мың адам жоғалып кеткен. Басылым журналистері бұған көз жеткізу үшін аймаққа барып қайтқан. Тілшілер Қашғар қаласын соғыстан кейінгі Бағдадқа ұқсатады.

Журналистер Қашғардағы жағдайды "Көшелерді үстіне қару орнатылған жүк көліктері бақылайды. Әуеде реактивті ұшақтар ұшып жүр, жан-жақтан азынаған сирена үні естіледі. Қонақ үйлерді бетон дуалдармен қоршап тастаған. Жол қозғалысын темір шлем киген полицейлер реттейді" деп сипаттайды.

Германиялық журналистердің жазуынша, Шыңжаңда азаншы тұрғындарды намазға шақырмайды, бүкіл жерде бақылау камералары орнатылған. Вокзал, әуежайларда, өткізу бекеттерінде адамды көздің сыртқы мөлдір қабығы бойынша аутентификациялау құрылғылары жаппай қолданылады.

Тілшілердің хабарлауынша, ресми форма я болмаса жай киім киген қауіпсіздік мекемесі қызметкерлері құдды адамдардың ойын оқуға тырысқандай Қашғарды сездірмей бақылайды.

Үрімжі көшелерінде жүрген полицейлер.

Журналистердің хабарлауынша, Шыңжан аймағының әкімшілік орталығы Үрімжіде билік тұрғындарды бір-бірінің үстінен сөз тасуға итермелейді. Азаматтарды жаппай бақылау, қажет болса, күш қолдану үшін жағдай жасалған.

Қашғарда бақылау инфрақұрылымы техниканың соңғы үлгілерімен жабдықталған. Бірақ үкімет тұрғындарды бақылауды бұдан да тиімдірек ету жолдарын қарастырып жатыр. Қытай билігі әр азаматтың "адалдығын" таразылайтын "әлеуметтік несие жүйесін" енгізуді жоспарлап отыр. Тұрғындар адалдығы үшін марапатталып, жаман мінез-құлқы үшін жазаланады. Ал ұйғырларға мұндай жүйе баяғыдан қолданылады.

Журналистер дереккөздің сөзіне сілтеме жасап, "Әр отбасыға әуелі 100 ұпай беріледі. Бірақ шетелде, әсіресе Түркия, Египет немесе Малайзия сияқты мұсылман елдерінде туыстары я таныстары тұратындар бірден ұпай жоғалтады. Шотында 60-қа жетпейтін ұпай қалған адам бақылауға ілігеді. Әлдебір "қисық" сөзі, дұға оқығаны немесе қоңырау шалғаны үшін оны дереу "қайта тәрбиелеуден" өтуге жібереді.

Қытайда сегіз мыңдай татар тұрады. Олардың көбі - 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында Үрімжі ауданында қоныс тепкен татар кәсіпкерлерінің ұрпақтары. Көбі татар тілін жақсы біледі. 2000 жылдары ондаған татар студенті Дүниежүзілік татарлар конгресі көмегімен Қазан жоғары оқу орындарына түскен. Оқуды бітірген соң көбі Татарстанда қалуға тырысқан, бірақ Ресей азаматтығын кейбірі ғана алған. Ақыры олар Қытайға оралуға мәжбүр болған.

(Азаттықтың Орыс қызметінің жобасы Idel.Реалии сайты тілшісі Рамазан Алпауыттың мақаласы орысшадан аударылды)