12 сәу, 2018 сағат 13:41

Қытай тіліне көбірек көңіл аударуымыз керек – Назарбаев

Бүгінде үлкен әріптесімізге айналып отырған Қытай тіліне көңіл бөлуіміз керек. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне аударылған 18 кітаптың салтанатты тұсаукесер шарасында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Қанша тіл білсе, адам соншалықты мәдениетті» деген сөз бар емес пе?! Бұл оңай іс емес. Кейде балаларды аяйсың. Олар онсыз да тәулік бойы бос емес. Алайда, қазір оларды аяйтын болсаңыз, ертең өзіңізге ұрысады. Бізді, менің замандастарымды мүлде оқытқан жоқ. Басты мәселе аштан өліп қалмай, аман қалу болып тұрғанда, қайдан оқытсын? Ал қазір оқыту керек. Күштеп оқыту керек. Ұлы философ Шопенгауэр өзіне тиістіні жаттағанына дейін әкесі оны үш күн қамауда ұстағанын жазады. Сол сияқты, көптеген ұлы композиторларды да ата-аналары осындай қаталдықпен оқытқан. Мүмкін оларға сол кезде ұнамаған болар, ал есейген соң рахметін айтады», - деді Президент.

Назарбаев бірнеше тіл білу үлкен мүмкіндіктерге есік ашатынын айтты.

«Бірнеше тіл білу бәсекелестікті арттырып қана қоймай, үлкен мүмкіндіктерге есік ашады. Бізде мыңдаған шетелдік компания жұмыс жасайды. Олардың әрқайсысы өзіне жұмысшы іздейді. Ал, егер, ол тіл білмесе, қайтіп алады? Жалпы, біз мына Қытайдың тіліне де көңіл аударуымыз керек. Ең үлкен әріптесіміз болып келе жатыр. Осының барлығы адам капиталының сапасын, елдің интеллектуалдық қуатын білдіреді. Біз балаларымыз үш тілде білім алуы үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Бұл балалар үшін тек жақсы нәрсе, еш жамандығы жоқ. Швейцарияда қарапайым таксист төрт тіл біледі. Себебі, онда ағылшын, француз, неміс және италия тілі міндетті болып табылады. Ол тілдердің барлығы мемлекеттік тілдер. Ештеңе жоқ, солай өмір сүріп жатыр ғой», - деді Елбасы.