Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономды өлкесіндегі қайта тәрбиелеу орталықтарындағы адамдардың саны алдағы уақытта қысқарады. Бұл туралы Үрімшіде журналистермен өткен кездесуде осы өлкенің әкімшілігінің басшысы Шохрат Закир мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қытай.
Кездесу шетелдік БАҚ өкілдерінің Шыңжаң-Ұйғыр өлкесіне сапары барысында өткен. Қытай билігі алғаш рет журналистерге "тәрбие орталықтарында" болып, жұмысымен танысуға мүмкіндік берді. Қытайда бұл ұйымды ислам экстремизмінің ықпалына түскендерге кәсіптік-біліктілік білім беру және оқыту орталықтары деп атайды.
"Оқу орталықтарында бір миллион адам бар деп айтады. Адам шошытарлық сан. Білім беру ұйымдарында бір миллион адамның болуы мүмкін емес, бұл ойдан шығарылған. Біз оларды қалай асыраушы едік? Орталықта тұру, білім алу тегін. Ал барлығы Шыңжаңда 20 миллион халық тұрады. Орталықта оқитындар келіп-кетіп жатады. Біздің өзімізде нақты сандар жоқ, ол күнде өзгеріп отырады. Сондықтан басқа біреу орталықтағы адамдардың саны туралы қалай айта алады? Бұдан бөлек, алдағы уақытта оқыту оралықтарында адам саны азаяды. Бұл жердегі оқыту процесінің де аяқталатын кезі болады", — деді Шохрат Закир БАҚ өкілдеріне.
Ол өз сөзінде оқу орталықтары қызметінің мақсатын түсіндірді. Айтуынша, бұл жерде заң, ресми ауызша және жазбаша тіл, арнайы еңбек дағдылары оқытылады. Бұдан бөлек, оқу орталықтарындағы азаматтардың мәдени деңгейін үнемі арттыру арқылы экстремистік көзқарасты түп-тамырымен жою және оларды қазіргі заманғы өркениетті қоғамға араластыру міндеті қойылған. Шенеунік оқу орталықтары адамның құқығын шектеуді көздемейді деп сендірді. Шыңжаң-ұйғыр өлкесінің үкіметі бұған көз жеткізгісі келетін кез келген халықаралық ұйымды қабылдауға дайын.
"Қытай – БҰҰ-ның заңды мүшесі, ұйымның жарғысын қатаң сақтайды және адам құқығын сақтайтын әлемдік мемлекеттердің бірі болып қалады. 2018 жылы Шыңжаң өкілдері БҰҰ-ның адам құқығы тақырыбына арналған шараларына қатысып, жұртты өңірдегі ахуалмен таныстырды. Біз БҰҰ құрылымындағы кез келген ұйым мен басқа да қоғамдық ұйымдардың Шыңжаңдағы жағдаймен танысуға деген ниетін құптаймыз. Тек шынайы фактілерге негізделген объективтілікке үміттенеміз", — деді Шохрат Закир.
ШҰАА басшысы Қытай Шыңжаңдағы адам құқығы тақырыбын елдің мүддесіне, тұрақтылығы мен дамуына зиян келтіру мақсатында пайдалану әрекетін құптамайтынын атап өтті.
БҰҰ-ның нәсілдік кемсітушілікті жою комитетінің сарапшысы Гей Макдугалл өткен жылдың тамызында Шыңжаң-Ұйғыр автономды өлкесіндегі тәрбие орталықтарында 1 миллионға дейін ұйғыр мен басқа мұсылмандардың болуы мүмкін екенін мәлім еткен еді. Осыдан кейін БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша комитеті Қытайдан Шыңжаңға бақылаушыларды кіргізуді талап етті. Кейін бірқатар мемлекеттің дипломаттары Шыңжаң өлкесіне барып, кәсіптік-біліктілік білім беру және оқыту орталықтарында болған.
Қытайдағы қазақтардың мәселесі
Қытай билігі Шыңжаңдағы қазақтарға қысым көрсетуде деген әңгіме Қазақстанда 2017 жылдың сәуірінен көтеріліп келеді. Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Германиядан келген қазақ Нұрсұлтан Назарбаевқа Қытайда қандастардың құқықтары тапталып жатқанын алғаш жеткізген болатын. Мемлекет басшысы бұл жағдайдан хабарсыз екенін айтып, Сыртқы істер министрлігіне мәселенің анық-қанығын анықтауды тапсырған еді.
Осыдан кейін Қытайда қиындыққа тап болған этникалық қазақтар туралы әңгіме көбейді. Қазақтардың діни құқықтарының шектелуі, шетелге шығу үшін төлқұжат берілмеуі, оралман құжаттарын қолына алған адамдарды оны қайтадан тапсыруға мәжбүрлеу, "саяси лагерьлерге" қамау туралы ақпараттар тарады.
Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз де Қытайдағы "саяси лагерльлер" туралы жиі жазды. Ал Қытай билігі тәрбие оралықтарындағы қысым көрсету мен қудалау туралы сөздерді жоққа шығарып келеді.