13 қаз, 2017 сағат 17:32

Қытай елімізден ет сатып алудан бас тартып отыр

Атырау облысындағы мал нодулярлық дерматит індетіне шалдықты. Осының кесірінен көрші Қытай еліне ет экспорты тоқтап тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифингте Мал шаруашылығы департаменті директорының міндетін атқарушы Азамат Сағынбаев осылай айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Биыл еліміз сыртқа 10 мың тонна ет экспорттауды жоспарлаған. Бұл жоспардың 34 пайызы орындалды, яғни 3 439 тонна ет экспортталды. Жоспардың орындалмауы еліміздің басты нарығы – Ресейде рубльдің көтеріліп, біздің еттің Ресейден қымбатырақ болып, баға жағынан бәсекеге шыдай алмауына байланысты. Екінші мәселе, Атырау облысындағы мал нодулярлық дерматит індетіне шалдықты. Бұл жайт та экспортты дамытуға кедергі келтірді. Осының салдарынан етті Қытайға да экспорттау мүмкін болмай отыр. Атырау өңірінде жоғарыда аталған індет тіркелгендіктен, қазіргі таңда Қытай экспорт үшін Қазақстанды толық жауып тастады. Бүгінгі күні Ветеринарлық бақылау комитеті аймақты ашу бойынша жұмыс жасап жатыр. Бұл мәселе шешілгеннен кейін, Қытайға ет экспорты жандануы тиіс», - дейді Азамат Сағынбаев.

Атап өтсек, 2010 жылы Кедендік одақ аясында Ресейге ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді делінген еді. Бірақ, бұл жоспар орындалмай жатыр.

Сағынбаевтың айтуынша, сол кезде ірі қара мал басы 6 млн деп есептелген. Дегенмен, мал санағынан кейін 800 мың -1 миллионға дейін мал басы жетпей қалған. Осы және басқа да жайттар 60 мың тонна ет экспорты индикторына ықпал еткен.

«Бұл көрсеткішке жету үшін қазір кешенді шаралар атқарылып жатыр. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 2021 жылға қарай ет экспортын 70 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр», - дейді Сағынбаев.

Алайда, биыл шет мемлекеттерге 10 мың тонна ғана ет экспорттау көзделген және бүгінгі күнге дейін бұл жоспардың тек 34 пайызы орындалған.