Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарындағы профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысын өсіру мәселесін көтерді. Айтуынша, бұл мәселе жаңа оқы жылының бірінші қыркүйегінде өз шешімін табады. Министр білім және ғылым министрлігі аппаратында осындай тапсырма берді. Бұл туралы «Ұлт» порталы хабарлайды.
Министрдің айтуынша, бұл мәселені ұлттық кеңес отырысында мемлекет басшысының өзі көтерді. Жоғары оқу орындарының жалақысын көтеру туралы нақыт тапсырма берді. Енді министрлікке бағынышты оқу орындарында жұмыс істейтін оқытушылардың жалақысы өседі.
"Оқытушыларының еңбекақысын өсіру мәселесін бірінші қыркүйектен бастап шешуіміз керек. Бұл жайдан жай көтеріліп отырған мәселе емес. Осыған байланысты тиісті талдау жұмыстары жүргізілді. Толық мүмкіндік бар", - деді Аймағамбетов.
Сонымен қатар министр профессорлық-оқытушылық құрамның еңбекақысын көтеруге президенттің ерекше көңіл бөліп отырғанын айтты. Бұл мәселе 2011 жылдан бері көтеріліп келеді. Ал биыл студенттер шәкіртақысының өсуі бұл мәселенің өз шешімін табуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, оқу орындарының материалдық-техникалық базаларын нығайтуға мүмкіндік береді.
Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев министрге осы мәселе бойынша талдау жүргізілгенін, оқытушылардың еңбекақысын арттыру мәселесі қаралып жатқанын жеткізді.
Департамент мәліметіне сәйкес, 2019-2020 оқу жылында 2018-2019 оқу жылымен салыстырғанда оқытушылардың еңбекақысы орташа есеппен 20%-ке өсті. Ал жаңа оқу жылында өткен жылмен салыстырғанда жалақы 32%-ке көбейеді деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар жаңа оқу жылында коронавирус пандемиясына байланысты оқу орындарында оқу бағасын өсірмеу мәселесі көтерілді. Сонымен қатар министр Аймағамбетов университеттер басшылығына оқу ақшасын көтермей, қарызы бар студенттерге бөліп төлеу мүмкіндігін беруді сұрады.
Министр пандемия салдарынан студенттердің оқуға уақытылы келуінде мәселе бар екенін және қазіргі экономикалық ахуалды ескере отырып, оқу орындарынан қолдау көрсетілу қажет екенін алға тартты.
Ең алдымен қарызы бар білімгерлерге бөліп төлек мүмкіндігін беру керек, осыған байланысты талдау жұмыстары жүргізілгенін, нәтижесінде студенттер арасында осындай мәселенің бар екені анықталған. Оқу бағасын көтергелі жатқан университеттерге ол жоспарды кейінге қалдыруды ұсынды.
Айта кетейік, білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орнын қолдауға байланысты кешенді бағдарлама әзірлеп жатыр. Ол жерде қаржы мәселесімен қатар, білім саласындағы реформалар, университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі қаралады.
Педагогтар жалақысын көтерумен қатар университеттегі докторанттардың да шәкіртақысы көбейетін болды. Бұл жайында мемлекет басшысы хабарлаған болатын.
Президент ғылыми жетекші орталықтарға докторантурадан кейінгі ізденіс үшін арнайы мемлекеттік тапсырыс беру қажет екенін айтты. Сондай-ақ, докторанттардың шәкіртақысын 150 мың теңгеге жеткізуді тапсырды. Оған докторанттардың отбасылы екенін, ғылым жолында бір шәкіртақымен өмір сүретінін алға тартты.
Айта кетейік, 2020 жылы студенттедің шәкіртақысы 25%-ке артты. Ал педагог мамандардың стипендиясы басқа мамандыққа қарағанда көп болады. Келешекте педагог мамандығына тапсырған білімгерлер бакалавр деңгейінде 42 мың теңге шәкіртақы алады. Бұл да педагог мәртебесін арттыру аясында жасалып жатыр.