29 қыр, 2017 сағат 11:13

Қырғызстан ОСК: Бабанов-Назарбаев кездесуінде заң бұзылған жоқ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қырғыз республикасының президенттігіне кандидат Өмірбек Бабанов. Алматы, 19 қыркүйек 2017 жыл. Қазақстан президентінің ресми сайтындағы сурет.

Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидат Өмірбек Бабановтың Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескені бойынша шағымды қанағаттандырудан бас тартты. Бұл туралы ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Азаттықтың Қырғыз редакциясы хабарлады.

Комиссияның хабарлауынша, талқылау кезінде Бабанов өзінің үгіт-насихат материалдарында кездесуден түсірілген суреттерін пайдаланбағаны, сондықтан заң бұзбағаны айтылған. Бірақ ОСК-нің кейбір мүшелері БАҚ-тағы хабарлар әлдеқайда кеңінен таралатындықтан "кандидат ол туралы хабардар болып түсінуі тиіс" деген пікірде.

Бірақ шағымданушы, қоғам қайраткері Турсунбек Акун шағымды уақытынан кешіктіріп бергендіктен оны қанағаттандырудан бас тартылған.

ОСК сонымен қатар кандидаттарды үгіт-насихат кампанияларында шет мемлекеттердің мемлекет және саяси қайраткерлерін пайдалануға болмайтынын, олай болған жағдайда жазбаша ескерту жасалып, кандидаттық тіркеуінен айырылатынын ескертеді.

19 қыркүйекте Қазақстан президентінің ресми сайты Назарбаевтың "Республика - Ата-Жұрт" фракциясының басшысы Өмірбек Бабановпен кездескені туралы ақпарат жариялаған. Кездесу Алматы қаласында өткені хабарланған. Бірақ кездесудің қашан өткені көрсетілмеген.

Келесі күні Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Қазақстанға наразылық нотасын жолдаған. Ресми Бішкек мұны "Қазақстанның Қырғызстанның ішкі ісіне араласуға тырысуы" деп бағалаған.