10 ақп, 2021 сағат 15:33

КВИ-ге қарсы вакцина алған 1025 адамда асқыну болған жоқ - СҚО

Солтүстік Қазақстан облысында коронавирусқа қарсы вакцина алған 1025 адамда екпеге қалыпты реакция болғанымен асқынулар тіркелген жоқ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Петропавлдағы № 3 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Сәбира Дайырованың айтуынша, екпе егу пункттерінің бірі олардың емдеу мекемесінде орналасқан. Емханаға вакциналауға 230 доза бөлінген. Екпе егу жұмыстарын бүгін-ертең бітіреміз деп отыр. Бұл жерде фильтрде және мобильді топ құрамында жүрген өз қызметкерлері және перинаталдық орталық, фтизиопульмонология орталығы, Петропавл қалалық көпбейінді аурухана мамандары КВИ-ге қарсы екпе алған. 

«Вакцинация адамның иммунитетін көтеру үшін жасалады. Ағзаны вирусқа қарсы дайындаймыз. Алайда екпе алғаннан кейін де адам күтінуі тиіс, яғни маска тағып, жұрт көп жүретін жерлерге бармау қажет. Арақашықтықты міндетті түрде сақтап, қолды жиі жуып отырған жөн», - дейді Сәбира Дайырова. 

Сәбира Дайырова да көппен бірге 2 ақпан күні коронавирусқа қарсы вакцина алды. 

«Алған күні ешқандай әсері болған жоқ. Тек үшінші күні ғана әлсіздік болып, 2-3 сағаттай түшкірдім. Бұдан басқа еш өзгерісті байқамадым. Бүгін екпе алғаныма сегізінші күн. Жағдайым жақсы», - дейді № 3 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Сәбира Дайырова.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде 1 ақпаннан бастап 1025 адам коронавирусқа қарсы вакцина алды. Оларда алғашқы күндері екпеге ағзаның кәдімгі әсері, яғни ине піскен жердің ауырсынуы, әлсіздік болып, тек кейбірінде ғана 37-38 градусқа дейін дене қызулары көтерілген. Асқыну жағдайлары тіркелген жоқ.