Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында «қарапайым заттар экономикасы» аясында өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша шаралар кешені қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Елбасы тапсырмасы бойынша несиелендіру бағдарламасы аясында өңдеу өнеркәсібін қолдауға 400 млрд тг қарастырылған. «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту аясында бизнес жобаларын қолдау мен дамыту 2025 жылға қарай 16 мың тұрақты жұмыс орнын құруға, бюджетке 1,1 трлн теңге салық түсімдерін қамтамасыз етуге, өнімдер импортының үлесін 59%-дан 37%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Склярдың айтуынша, «қарапайым заттар экономикасында» құрылыс индустриясын, жеңіл және жиһаз өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлінген.
«Аталған міндеттерді шешу үшін көрсетілген салаларды дамыту бойынша Жол карталары әзірленген. Олар шикізаттық базаны дамыту, кедендік әкімшілендіру және технтикалық реттеу шараларын жетілдіру арқылы ішкі нарықты қорғау, тауарлар мен қызметтер сапасын арттыруға бағытталған ұлттық стандарттарды әзірлеуді қарастырады», — деді Р. Скляр.
Аталған салалардың өткізу көлемін ұлғайту мақсатында реттелетін сатып алуларда жергілікті қамту үлесін жыл сайын 20% ұлғайту ұсынылады. Сонымен қатар, жеткізуші Индустриялық сертификатпен өзінің өндірістік қуаттылығын дәлелдеуі тиіс.
Сонымен қатар, отандық тауарлардың сауда желілерінде ұсынылуын арттыру, кәсіпорындарды біліктілігі жоғары кадрлармен қамтамасыз ету, жобаларды озық технологияларды қолданумен іске асыру үшін аталмыш салаларға инвестициялар тарту бойынша шаралар қабылданатын болады.
Жалпы, Жол карталарында 150-ден аса іс-шараларды іске асыру қарастырылған, оның қорытындылары бойынша орташа мерзімде өндірілетін тауарлар бойынша жергілікті қамту үлесі 50%-дан астмаға артады, шығарылатын өнім сапасы жоғарлайды және контрафактілік өнім көлемі азаяды.
«Ұсынылып отырған шараларды іске асыру жыл сайын құрылыс материалдарын, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі өнімдерін өндіруді 73 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деді Р. Скляр.
Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, өз кезегінде, агроөнеркәсіп кешенінің негізгі міндеті маңызды компоненті тамақ өнеркәсібі болатын азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін жеткізді. Агроөнеркәсіптік кешенді несиелеу үшін 200 млрд теңге бөлінді. Несие қаражаттары АӨК өңделген өнімдерінің басымдықты 118-ге жуық түрінің өндірісі бойынша беріледі. 200 млрд теңгенің 100 млрд теңгесі ауыл шаруашылығының өңделген өнімдері саласындағы жобаларды несиелеуге және 100 млрд теңге тамақ және басқа да өңдеу өнеркәсібіне шикізат беретін ауыл шаруашылығы өндірісіне жұмсалатын болады.
АӨК субъектілерінің несие жүктемесін төмендету мақсатында берілген несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жүзеге асырылады. ҚР АШМ пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау ережелеріне қажетті өзгерістер енгізілді.
Тамақ өнеркәсібін дамыту бойынша жол картасы 6 негізгі блок бойынша 26 іс-шараны қамтиды:
-
шикізат базасын дамыту,
-
кәсіпорындарды техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру,
-
кәсіпорындардың инфрақұрылымын дамыту,
-
логистикалық инфрақұрылымды дамыту,
-
ғылыми қамтамасыз ету,
-
ішкі және сыртқы нарықтарда отандық тауарларды ілгерлету.
«Соңғы 6 жылда тамақ өнеркәсібінің өсімі орта есеппен жыл сайын 1,8% (30 млрд теңге), ауыл шаруашылығында өндірісінде өсім орташа 3,2 % құрады. Құйылған қаражат өндірілген өнімнің өсімін жыл сайын 25 млрд теңгеге арттырады, бұл саланың өсу қарқынын (тамақ өнеркәсібі және шикізат өндірісі) орташа 6% арттыруды қамтамасыз етеді», — деді С. Омаров.
Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы Кеңесінің төрағасы Е. Бахмутова басымдықты жобаларды несиелендіру бағдарламасының іске асырылуының оң динамикасы туралы хабарлады.
«Мәселен, биылғы 4 наурыздағы жағдай бойынша қарастыруға 72,2 млрд теңге сомасына 116 жоба ұсынылған. Оның ішінен жалпы сомасы 5,9 млрд теңгеге 8 жоба мақұлданды. Екінші деңгейлі 8 банк бағдарламаны іске асыруға қатысуға ниет білдірді, оның 7-уінде құжаттар қабылдана бастады», — деді Е. Бахмутова.
Өңірлердегі жағдай туралы Алматы әкімі Б. Байбек, Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымов баяндады.
Мәселені қарау барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ж. Қасымбек сөз сөйледі.