28 шіл, 2020 сағат 18:29

Құрбан айтта қонаққа баруды қоя тұрған жөн – ҚМДБ төрағасының орынбасары

Санаулы күндерден соң мұсылман қауымы Құрбан айт мейрамын қарсы алады. Әлемдегі және елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қасиетті мейрамды қарсы алу мен оны атап өту ережелеріне өзгерістер енгізілді.

Қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып Құрбан айтты қарсы алу тақырыбында ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти - Ершат қажы Ағыбайұлымен сұхбаттасқан болатын. 

«Құрбан айтты карантин жағдайында тиісті санитарлық шараларды сақтап қарсы алған дұрыс. Яғни бұл күні қонақ күтіп, қонаққа баруды қоя тұрған жөн. Өйткені, ислам адам баласының өмірі мен денсаулығын қорғауды асыл мақсат тұтқан дін. Яғни адамның өмірін қорғау, бүкіл адамзаттың өмірін қорғаумен тең. Иә, біздің дәстүрімізге сәйкес Құрбан айт кезінде бір-бірімізге қонаққа баратыныз бар. Дегенмен қазіргі жағдайды ескере келе, қонаққа бару жағын тоқтата тұрған жөн», - деді Наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы. 

Оның айтуынша, қасиетті мейрамды әр азамат өз отбасында жақындарымен бірге қарсы алған дұрыс. 

«Биылғы Құрбан айт мейрамын қарсы алу елдегі індеттің тарауымен байланысты артық жүріс-тұрысты азайтумен, онлайн түрде өтуімен ерекшеленеді. Яғни әр азамат мерекені өз отбасында қарсы алғаны жөн. Сонымен қатар, өздеріңіз білетіндей биыл қажылық сапарына да шек қойылды. Бұл да адамзат қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалынып отырған сақтық шараларының бірі. Әрине, бұл мейрам кешірімді болып, сауапты істерді көптеп істейтін сәт. Пенделердің бір-біріне жақсылық жасауына, игі тілек айтып, мұқтаж жандарға көмектесіп сауап алуына індет пен карантиннің ешқандай қатысы жоқ», - дейді ол. 

Сондай-ақ, басқарма өкілі карантин жағдайында құрбандық шалу, намаз оқу және құран бағыштау діни дәстүрлеріне қатысты да өз пікірін білдірді. 

«Аталған діни дәстүрлердің барлығы сақтық шараларын сақтай отырып, онлайн өткені абзал. Құрбандық шалушы жандарға арналған Qurban2020.kz сайтын іске қосылды. Бұл дегеніміз азаматтарымыз құрбандықты үйден шықпай онлайн түрде жасай алады. Мұның мазмұны сіз дін өкілін құрбандық шалуға өкіл етесіз. Яғни сіз тапсырыс берген уақыт пен сіз таңдаған құрбандық түріне сәйкес дін өкілі сіздің атыңыздан дұға жасап, құрбандық шалады. Дегенмен кейбір адамдар құрбандықтың онлайн түрде шалынғанына сенбеуі мүмкін, ондай жағдайда біз құрбандықтың шалыну сәтінің дәлелін жібере аламыз. Бірақ малды сою кезінде қан төгіліп, пышақпен қансыратып кесіп, тіліп жатқан сәтін жібере алмаймыз. Себебі ол сәт адамның психикасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Тағы бір айта өтетін мәселе, карантинге байланысты мешіттердің есігі жабық, ешқандай айт намазы оқылмайды. Ал құранға келсек әркім өз бетімен, өз үйінде ниет етуіне әрине, болады», - деді Е. Ағыбайұлы.