23 мам, 2017 сағат 14:52

Құндыз Жұбаева: "Жапырағындай қалтырап құсалы күздiң..."

Жас ақын Құндыз Жұбаеваның бір топ жаңа өлеңін оқырман назарына ұсынамыз.

***
Жаным ада-
Жазғырудан, кектен де,
(Жарамды осып кетсе-дағы көп пенде...)
Сырты- бүтін, іші- дүлей бүлік боп,
Қала берем...
Сабыр дейтін серт менде.

Бар шаттығын төксең де үйіп ғаламның, 
Бір Үмітті жалғай алмай Көктемге- 
Кейде бар ғой...
амал таппай қаламын-

Жалғыздықта,

Жан ауырып кеткенде...

***
Жапырағындай жабырқау, жаралы күздiң...
Тоңазып сала бергені-ай арамыз бiздiң.
Күн жаумап еді...
Келмеді және күз әлi...
Көк тұман түстi көркiн ап,
Қаланың iзгi...
Мезгілсіз еді барлығы... 
мен де үнсiз едім,
Аяусыз тырнап түстiм бе жараны сiздiң:
- мүсiрке, мейлі... аярлық танытар құшақ,
Жасымен сұлу көредi жанарын қыздың...

Ал, содан...
Жапырағындай қалтырап құсалы күздiң...
Шықпаған шала жаны қап тұсаулы сөздiң. 
Сағыныш дейтін-
бiр құрбым;
Көңiлi- жесір...
Сүюге мәжбүр еткен-дi ұзаған iздi...
Тамыз түспей-ақ... тоңазып қалғанда жаным,
Сағынып кеткен сәтiм бұл құшағыңызды...
Аяулы құшағыңызды...

***

Бүгінде...
Сергелдең еткен сезім де ермек,
күй ермек,
Жалғаны жаттың жанымды осып күлер кеп,
Жарым деп сенген,
Жарасын тырнап салса да,
Шаттықтан басым айналып тұрып соншама,
Өмірден артық, өзімнен артық сүйем деп...

Айтқаным есте,
Демеймін сөзден жирендім...
Шылбырында қап
Күйкі-күн, тірлік- күйбеңнің.
Отқа да шоққа тəнімді төсеп үйрендім...

Арылып болмас жайым бар осы күйден мен,
Жабырқау жүзім, құлпыртып қызыл кигенмен,
жараспады ол да...
Жанымды тұрған сыздатып
Жарам бар еді...таңуға келмес жейдеңмен.

Ал, айтыңызшы, не таптым сонда мен Сізді,
Өмірден артық, өзімнен артық сүйгеннен...

***

Түп-түзу жол көрсетіп,
Тұйықта Ес алдайды.
Бұл менің жолым емес,
Жүрмеймін, баса алмаймын.

Бұл жолда болу керек,
Құлаған іздерім де.
Құрбылар жүру керек,
Мұңы бар көздерінде.

Қуанған кезім қайда,
Кеудеңнен көкке ұшардай.
Өртенген өзім қайда?
Құлаштап от құшардай.

Бұл менің жолым емес,
Бар еді белесі оның.
Əй, ақыл, көрсетпейсің,
Көзіме неге соны.

Белес- ол, асу қиын,
Арыңды белден басып.
Қай тасқа соғылмады,
Өзіңсіз жүрген басым.

Бұл менің жолым емес,
Қалайша сынағаның?!
Төгілген жасым қайда,
Төгілген күнəларым.

Түп-түзу жол көрсетіп,
Тұйықта Ес алдайды.
Бұл менің жолым емес,
Жүрмеймін, баса алмаймын.

***

Дәл осынша ақымақ болады адам,
Жолы өзгеге жөн еді қарамаған...
Тамырым-өрт, сөнді ме, сөндірдім бе?
Өртең болып қалғаным шамалы одан.

Түсініңіз...
Сіздей жан табылмауын,
Сағынышпен жазалар Тәңір барын...
Мендік ұят жетеді, мендік сезім
Тағы қайта бастауға...
Бәрін...бәрін...

Бәрі өткесін, қала ма жылап Арым,
Ол жайында түк деме... сұрамағын!
Сіз оқыған жырларға шала мас боп,
Алдыңызда әйтеуір тұра аламын...

***

"...Сый аздау тәлейiме
Сыймады нелер тағы?!
Өзiмнен көрейiн бе?
"Сезім" деп Сенi аңсадым.


Кiнәлi Құдай десем,
Мұңыма, мұнар-сағым.
Қарғаса қанша құлы,
Қайғыдан өлер шағы


жетті ғой...
Өзiм-батыр;
Өзiмдi жеңем шығар...
Жер емес, табанымда,
Бұл - менiң Өлеңшарым"

***

...жоғалғым келген Сәттердің,
Сатқыны екем-
Кім десең?!
Сен қайдан бірақ, біліп ең?!
Жалғыз да қалдым,
Сенімнен ада...
Күн кешіп,
Қайрансыздығыма күліп Ел.

Е, мейлі... дедім,
Кім қалай танып, біледі...
Өзімше өмір сүремін.
Айдың жарығы секілді-ау адам жүрегі,
Жылусыз - жарық;
Нұры-Өлі.

Кетуі - Ғайып пендеше,
Келуі - Жаңа.
Тек қара түнге сіңбес ем.
Шүберектердің шеруі ғана-
Бұл Өмір-
бұл Көше!

***

...Қайырмасына қосылып сан ұққан әннің,
Сағаттай соғып тұрам да, тынып қаламын.
Сүюдің тілін білгенше өкініш, қайғы,
Көбелектейін құштары-ай Жарыққа жанның.

Тұнығына тас лақтырып алып Ғаламның,
Біреудің көрсем Тірліктен қамыққан жанын.
Егіліп қайтем?!
жаумай-ақ тарқап кететін,
Көңілшек бұлттай келеді қалыпқа бәрі.

Құндыз Жұбаева – 1992  жылы  29 желтоқсанда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Кемерши ауылында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология және әлем тілдері факультетінің түлегі.

Ұлт порталы