Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық жолын абыройлы жүріп өткен Қазақстан – қоғам өмірінің сан-саласында елеулі өзгерістер мен қомақты табыстарға қол жеткізген тұрақты да өрісті ел. Мемлекетіміз саяси және экономикалық серпілістердің аясында жалпыхалықтық кешенді әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар осы 25 жылда халықтың тарихи-мәдени, рухани-этностық жадын жаңғырту бағытында аса ауқымды, игі бастамалар көтеріліп, лайықты жобалар орындалды. Мәселен, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын алайық. Теңдесі жоқ бұл жобаның нәтижесі – тәуелсіздікке қосылған елеулі үлес деуге тұрарлық. Ал елордадағы түп-тамыры сонау ғасырлар қойнауынан нәр алатын сәулетті де әлеуетті Ұлттық музейдің өмірге келуі, халыққа айқара есігін ашуы мәдениет құбылысы деуге негіз бар.
Елбасы атап көрсеткендей: «Ұлттық музей – Қазақ елінің, Қазақстанның өткенін, бүгінін және болашағын әлемге танытатын айрықша мәдениет шамшырағы».
Кешегі ұлт классиктері заманында «алыптың адымы» деген ұғым айтылатын. Ұлттық музей – рухани-мәдени құбылыс ретінде нағыз алыптың адымы. Ғимарат көлемі мен орналасқан жерінің ауқымы, құрылыс сәулетінде жаңашылдық пен дәстүрдің қатар көрінуі, ішкі мазмұны түгелдей дерлік жаңа технология құралдарымен жабдықталуы – музейдің болмыс-бітімін, асқақтығын айшықтай түседі. Дегенмен, осы мәдениет ордасының бұрынғы-соңғы музейлерден ерекшелігі бір бұл емес. Елорданың сәулетіне сән қосқан Ұлттық музейде заманауи талап пен талғамның көрінісі – Тәуелсіз Қазақстан және Астана залдары. Мұнда әз азаттықтың аңсары мен ақиқаты, Елбасының салиқалы саясатының бел-белестері, елорданың табалдырығы мен заңғар шаңырағы дәлдікпен, дерекпен, бейнемен ұсынылған.
Ал санаулы жылдарда астаналықтар мен қонақтардың көз қуанышына айналған Ежелгі және орта ғасыр тарихы залы, Тарих залы, Этнография залы, Заманауи өнер залы, Алтын залы талайдың тарихи танымын, мәдени білігін көтергені сөзсіз. Бұлардың барлығы көне замандардан бастап бүгінге дейінгі ұлттың тарихынан, тағдырынан, рухани өмірінен мол мағлұмат беретін экспонаттармен жасақталған. Өткеннің көзіндей әрбір экспонат жөнінде аудио, видео материал, деректі фильм әзірлеп, мақала немесе ғылыми еңбек жазуға мүмкіндік мол. Расында, бұл үрдіс жүзеге асып та жатыр. Мұның бәрі Тәуелсіздік құндылығын, Елбасы айқындаған «Мәңгілік Ел» идеясы мәнін ұқтырып, отандастарымызға рухани таным мен табандылық сыйлап отыр.
Жалпы әрбір мемлекет егемендігінің нығаюы және оның тәуелсіз ел ретінде дамуы саяси-экономикалық өркендеуге ғана байланысты емес. Кез келген елдің рухани-мәдени әлеует, салт-дәстүр, пайым-парасат деңгейі – ілгерілеуінің немесе құлдырауының өлшемі. Болашағына сенімді ел жүріп өткен жолын, ұлттық құндылығын ұмытпайды. Уақыт алға жылжыған сайын осының бәрін жаңа пішімде жас ұрпаққа жеткізіп отырады.
Еліміз тәуелсіздік жылдары қиындықты да, сын-қатерлерді де бастан кешірді. Осының бәрінде бізді дана Абай аманаттаған ақыл мен қайрат жарқын күндерге қарай алып шықты. Ол – руханиятқа суарылған ақыл, елдікке табан тіреген қайрат еді. Елбасы: «Тарихтың тағылымы бізден ел қамын ойлар естілікті тілейді», деп көшелі ой айтуы сондықтан.
Аз уақыттың ішінде мемлекетімізде ғасырға бергісіз жұмыстар тындырылғаны тарих өлшеміне салғанда әрі елдік жауапкершіліктің, әрі әлемдік бәсекеде дес бермеуіміздің арқасы. Жүріп өткен жолдың тағылымды сәттері, қилы кезеңдері ертеңгі буын үшін айтулы тарих, ізашар деңгей. Мәселен, мемлекет шекарасының тұтас шегенделуі және ол жөнінде көршілермен жоғары деңгейде дипломатиялық, мәмілегерлік келісімдердің жүргізілуі – Қазақстанның олжасы ғана емес, әлемдік бейбітшіліктің олжасы. Өйткені дербестіктің ең басты кепілінің бірі – мемлекеттік шекара екені баршаға мәлім. Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан мемлекеттерімен арадағы заңдастырылған шекара – ата-баба арманының ақиқаты, болашақтың баяны. Мысалы, Қытай халық республикасымен арадағы 1782 шақырым шекара сызығы кеңес өкіметі тұсында ең даулы, түйіні көп шептің бірі болғанын халық ұмыта қойған жоқ. Осы күрмеуі мол, талай қиындыққа әкелу қаупі бар мәселені Қазақстан дипломатиясы ақылмен, білікпен, парасатпен шешті. Ал дүниежүзіндегі ең ұзын Ресей мен Қазақстан арасындағы 7591 шақырымдық шекара Тәуелсіздіктің арқасында Елбасының салиқалы саясатымен нақтыланып, бекітілді. Ұлттық музейге осы тарихи оқиғалардың әр сәтін көзге елестететін құжаттар, деректер, бейнелер қойылған.
Еліміздің ел бастайтын ертеңгі буыны жөніндегі ұстанған бағыты өте тиянақты әрі жүйелі жоспарланғаны баршамызға аян. Мысалға, «Болашақ» бағдарламасын алсақ та жетіп жатыр. Қазір осы бір зияткерлік бағдарламаның шапағатын көріп отырғандардың саны 11 мыңнан асып түсті. Олар әлемнің 33 мемлекетіндегі ең таңдаулы білім ордаларында оқып, тәжірибесін шыңдап қайтты. Қазақстан білімі дүние жүзі білімімен жалғасып, «ақыл – ауыс, ырыс – жұғыс» болды. Ауылдың мұғаліміне дейін шетелдің үздік тәжірибесін меңгерді.
Өз елінің ертеңіне немқұрайлы қарамайтын ел ғана мұндай ауқымды жобаларды қолға алатыны айтпаса да түсінікті. Бұл – соңғы 25 жыл ішінде білім саласына жасалған ең үлкен инвестиция. «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алып қайтқан жастар еліміздің ертеңгі көш бастар азаматтары болары сөзсіз. Олардың алдыңғы легі қазірдің өзінде алған білімі мен игерген тәжірибесін ел игілігіне жұмсап отыр. Ұлттық музей залдарынан Отанымыздың осы айшықты ізденісін, жастардың талабын көрсететін бейнелік сәттер де аз емес.
Ел іргесін бекітіп, халық санын арттырып, Тәуелсіздік туын асқақтата желбірете түсуіміз үшін қатарымыздың көбейіп, санымыздың артуы – маңызды қадам. Атам қазақ «Елге ел қосылса – құт» деп бекер айтпаған. Шетелдегі қазақтардың ат басын атажұртқа бұрғызып, азат Қазақ елінің бір уығы болып қадалуына мүмкіндік туғызу – тағдырдың да, тарихтың да жарқын беті дер едік. Осы ретте Елбасының: «Бізді ел туралы биік ұғымдар, ортақ мүдделер ғана біріктіре алады» деп ұлтқа қарата айтқан сөзі еске түседі. Ұлттық музейде әлемге тарыдай шашылған қазақ халқының қилы тағдыры мен егемендіктен кейінгі атажұртқа оралуын көрсететін дәйектемелер де жеткілікті.
Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында атқарылған іргелі істердің бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы деуге негіз бар. Дүние жүзінде бір емес, бірнеше ұлт мекендейтін мемлекеттер көп. Бірақ Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты орган ешбір елде жоқ. Кәрі тарих діні, тілі, мәдениеті сан алуан этностарды бір шаңыраққа ұйыстырған мұндай құрылымды білмейді. Ынтымағы жарасқан этностар бірлігі – феномен, Қазақ елінің ірілік, парасаттылық, бауырмалдық тарихының, дәстүрінің жалғасы. Ежелден құрақ құрап, үйлесімнің мәнін білген қазақ жұрты былайша бір-бірімен қабыспайтын, өрілмейтін сан түрлі ұғым-түсінікті, дүниетанымды жарастықпен, ақылмен қисынын тауып қиыстырып отыр. Келушілер Ұлттық музейдің көп залынан осы үйлесімнің тек-тамырын, қазіргі өрісін көре алады.
Жалпы Елбасы айтқандай, арғы-бергі тарихымызда біз ұялатын ештеңе жоқ. Өскелең ұрпақ алдында да еңсеміз тік, келімді-кетімді меймандарға да жарқыратып көрсете алатын дүниелеріміз баршылық. «Тәуелсіз Қазақстан» және «Астана» атауындағы залдар – ұлт арманын, ел ақиқатын, жаңа әлемдегі жаңа Қазақ елі шындығын айқындай түседі. Кеңес Одағы қирандысының шаңына көмілмей, Батыс пен Шығыс өтінде еліктеу-солықтауға ұшырамай, төлтума қасиетін, елдігін сақтап қалған Қазақстанның ширек ғасыр ішіндегі айтулы оқиғалары, маңызды кезеңдері экспозицияларда «менмұндалап» тұр. Мәселен, егемен еліміздің тұңғыш рет қабылданған Ата Заңы, мемлекеттік маңызды құжаттар, мемлекеттік наградалар, ұлттық валюта, тағы басқа да тәуелсіздігіміздің негізгі нышандары көз қуантады, мақтаныш сезіміне бөлейді. Сонымен қатар аталған залдағы Протон-М ракетасы мен отандық «Kazsat» жерсерігінің макеті Отанымыздың ғарыш саласындағы жетістігі мен ізденісін айқындап тұр дей аламыз. Ал соңғы 25 жыл ішінде шетелдерде, әлемдік бәсекелерде ел байрағын желбіреткен спортшылардың жеке заттары мен марапаттары музейге келуші жасөспірімдер мен балаларға рух пен күш сыйлап, олардың саламатты өмір салтына деген құштарлығын, отаншылдығын арттырып отыр.
Ал «Астана» залының қайталанбас бітімі, бет-бейнесі бар. Мұндағы елорданың елеулі оқиғаларына байланысты экспонаттарды көру арқылы жасампаздықтың мәнін ұғуға болады. Қазба жұмыстары кезінде Астана маңындағы ежелгі Бозоқ қалашығы орнынан табылған жәдігерлер қала мәдениетінің сонау ерте дәуірлерден қалыптаса бастағанын айғақтай түседі. Жекелеген ғимараттардың Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолымен сызылған алғашқы нобайлары – ертеңгі тарихтың құнды құжаты ғана емес, «елорда сәулеті» деген феноменнің кілті. Залдың орта бөлігінде орналасқан қазіргі Астананың серпінді макеті келушілер үшін өте қызықты дүние болып тұр. Бұл макет қаланың негізгі бөлігі қалай құрылғанын, өсіп нығайғанын еден астынан көтеріліп шыққан көрнекі бейнелер арқылы жеткізген. Ал хроникалық-құжаттық тәртіппен орналастырылған 16 дүңгіршектегі материалдар көне дәуірден қазіргі заманға дейінгі қала тарихымен жан-жақты танысуға мүмкіндік береді.
Сайып келгенде, егемендікті аялап, дербестікті дәріптегіміз келсе, еліміздің басқа музейлерінен де «Астана» және «Тәуелсіз Қазақстан» деген атаумен зал ашқанымыз жөн. Егер жеке зал ретінде жасақтауға мүмкіндік болмаса, осы атаумен экспозициялар ұйымдастырсақ, нұр үстіне нұр. Себебі айтпасақ та түсінікті: Тәуелсіздік – біздің басты құндылығымыз, елдігіміздің мәйегі, ал Астана – азаттықтың айшықты нышаны, асқақ арманның ақиқаты.
Ұлттық музейге алыс-жуықтан келген қонақтар мұндай тақырыптағы залдардың өзге музейлерде сирек кездесетінін айтып, таңданыстарын жасыра алмайды. Әсіресе кеңестік дәуірден кейінгі кеңістіктегі елдерден келетін мәртебелі меймандардың қызығушылығы ерекше. Олар Қазақстан мен Астана айнасына қарап өз елдерін, бас қалаларын салыстырып жатады. Сөйтіп ізгі ниеті мен ықылас-тілегін жасырмай айтады.
Бұйырса, Қазақстан Тәуелсіздіктің әлі талай мерейлі белестеріне шығады. Ұрпақ ауысады, заман өзгереді. Бірақ елдік құндылық, мемлекеттіліктің асыл арқауы өзгермейді. Ол темірқазық – тарихы терең, бағдары баянды Қазақ елінің ғасырлардан үзілмей келе жатқан арманы, Елбасы негіздеген «Мәңгілік Ел» мұраты. Ұлттық музей – осы мұраттың шамшырағы.
Дархан МЫҢБАЙ,
Қазақстан Республикасы
Ұлттық музейінің директоры