Қостанайға жұмыс сапарымен табан тіреген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен облыспен аттас аудандағы «Өтеулин» шаруа қожалығының егіс алқабына бет бұрды. Қазір қырда еңбектің қызған кезі. Нұркелген Өтеулин басқаратын шаруашылық биыл 5 мың гектарға бидай, 500 гектарға зығыр, 500 гектарға арпа екті. 500 гектарды парға қалдырды. Бидайға тамыз айының тура ортасынан орақ салған шаруашылық енді 5-6 күнде науқанды аяқтағалы отыр.
Қырда қызу еңбек
Сыры кетпеген жап-жаңа 6 комбайн алқапты ұстарадай сыпырып келеді. Биыл кеусен жаман емес. Нұркелген Әбдірашұлының науқан аяғында бидай гектарына 18 центнерден айналып қалады деген есебі бар, диқанның көңілі тоқ. Қазір техникасының түр-түрі бар шаруашылықтар күздің қыңыр мінезінен қорқа қоймайды. Озық техникалар өнімді жұмыс істейді. «Өтеулин» шаруа қожалығы да солардың қатарына ілесіп қалды. Қожалық басшысы соңғы жылдары тапқан табысын техника жаңалауға жұмсап отырды. Алқаптағы алты комбайнды лизингпен алып, толық төлеп шықты.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен және өткізумен айналысатын аграрлық кәсіпорын қызметімен, сондай-ақ егін алқабының жай-күйімен танысты. Қазақстан Президентіне Қостанай облысындағы астық жинау науқаны мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндалды.
Қазақстандағы әр төртінші тонна астықты Қостанай облысы өндіреді. Алқап басында диқандармен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру керектігін айтты. Мемлекет ауыл шаруашылығына қолдау көрсетуін жалғастыра береді. Осы саланы ғылымның қазіргі заманғы жетістіктерін ескеріп, озық шетелдік тәжірибені зерделей отырып жетілдіру қажет. Бұл ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, деді Мемлекет басшысы.
Алқап басында Нұрсұлтан Назарбаевқа бидай сорттарының көрмесі көрсетілді. Онда бидайдың облыс өңірінде өсірілетін 19 сортының үлгісі қойылды. Ал аграрлық сала еңбеккерлері Қазақстан Президентіне өңірге жан-жақты қолдауы және ауыл шаруашылығы саласында жүргізіп отырған тиімді саясаты үшін алғыстарын білдірді.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға жемісті жұмыс пен зор табыс тіледі.
«Баян Сұлудың» бал татыған тәттілері
Мемлекет басшысының Қостанайға сапары «Баян сұлу» акционерлік қоғамында жалғасты. «Баян сұлу» ескіден қалған кондитер фабрикасы болғанымен, тәуелсіздік жылдары мұның тек аты ғана емес, заты да өзгеріп, еліміздегі ірі өңдеу кәсіпорнына айналды. Мұнда таяу күндері печеньенің бірнеше түрін өндіретін бисквит цехы ашылатын болады. Оған Италиядан озық үлгідегі жабдықтар алынып, оның құрастыру жұмыстары жүріп жатыр. Цех еліміздегі тамақ өнеркәсібін индустрияландыру саласындағы ең ірі нысан болып саналады. Бұл үшін Қазақстан Даму банкінен 20 миллион доллар жеңілдетілген несие алынды.
Цехта жылына 9500 тонна өнім өндірілетін болады, 45 адамға жұмыс орны ұсынылады. Мемлекеттің қолдауымен инвестициялар тартудың арқасында «Баян сұлу» кондитер фабрикасы жылына 65 мың тонна 250 түрлі кондитер бұйымдарын өндіреді. Оның 30 пайызынан астамы экспортқа шығарылады. Жалпы, кәсіпорынды осы деңгейге көтерген инвестиция көлемі 3,6 миллиард теңгені құрайды. Қазір елімізде өнімнің сапасы мен алуан түрлілігі және өндірістің қуаттылығы жөнінен «Баян сұлудың» алдын орайтын кәсіпорын жоқтың қасы.
Шығарылған көлік иесін табады
«АгромашХолдинг» зауыты соңғы алты жылдың ішінде 4000 машина құрастырып шығарды, соның барлығы да сатылып, иесін тапты. Нұрсұлтан Әбішұлы «АгромашХолдинг» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Дин Кимнен шетелдік техникалар мен жергілікті зауыт құрастырған машиналардың айырмашылығын сұрады. «Шетелдік машиналар біздің құрастырып шығарған машиналарға қарағанда 3 есе қымбат және олардың техникалық шамасы 10-15 пайызға төмен», деп жауап берді Дин Ким. Зауыт құрастырған машиналар үшін қуатты сервис желісін құрудың арқасында ішкі нарықтың 40 пайызын қамтып отыр. Алдағы жылы бұл көрсеткішті 50 пайызға жеткізу межеленген. Сонымен қатар, «АгромашХолдинг» зауытының машина құрастыру үдерісінде қазақстандық үлес 50 пайызды құрайды.
Көрмеде Елбасы жұмыртқа өндіретін және ет өңдейтін кәсіпорындар жанына тоқтады. Қайрат Маишев басқаратын «Жас қанат-2006» құс фабрикасына өткен жылдары жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Соның арқасында жылына 220 миллион жұмыртқа өндіреді, 229 адам жұмыспен қамтылған. Келесі жылдан бастап құс етін өндіретін өңдеу желісі іске қосылады. Ал Алмат Тұрсынов облыста ет өндірісін заманауи дамытуға ізденіп жүрген кәсіпкер. Ол құрған «Қарасу-Ет» ет комбинаты ет өнімдерінің түр-түрін өндіреді, Ресейге шығарады. «Қарасу-Ет» өндірген ет өнімдері Қостанайдағы және тағы басқа қалалардағы ең үздік мейманханаларды қамтамасыз етеді. Елбасы, сонымен қатар, көрмеде өсімдік майын, тез пісетін кеспе, сүт өнімдерін, ауыл шаруашылығы техникаларын, көкөніс өндіретін кәсіпорындар өнімдерін назарынан тыс қалдырмай, кәсіпкерлермен пікірлесуге уақыт тапты. Өнімдер сапалылығымен, нарықта өз орнын табуымен тәнті етті.
Мұнан кейін Елбасы «СарыАрқаАвтоПром» зауыты көрсеткен электромобиль машиналарын аралады. Негізі бұл кәсіпорын отандастардың машинаға деген сұранысын қамтамасыз етіп отыр. Зауыт автобустардың, жүк және жеңіл жүрдек машиналардың бірнеше түрін шығарады. Экспортқа шығарылатын Қазақстанда жасалған төрт түрлі машинаның үшеуі қостанайлық «СарыАрқаАвтоПром» зауытына тиесілі екенін айтты Нұрсұлтан Назарбаевтың сұрағына жауап берген AllurGroup директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев. Соңғы уақытта зауыт электромобильдерді сапқа қоя бастады. Нұрсұлтан Әбішұлы электромобильдің біреуінің руліне өзі отырып, жүргізіп көрді. ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында Астана қаласында электромобильдерді электр энергиясымен қуаттайтын 100 станса салу жобасы қаралып жатқанын да жеткізді зауыт өкілі.
Түйіндер тарқатылғанда сала дамиды
Елбасының Қостанай облысына сапарын Е.Өмірзақов атындағы филармонияның күмбезді залында жұртшылық өкілдерімен кездесу түйіндеді. Онда облыс әкімі Архимед Мұхамбетов облыс өңіріндегі жасалып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Құнарлы, қуатты Қостанай өңірінде 1991 жылы 10 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген екен, өткен жылы бұл көрсеткіш 443 миллиард теңгені құрады. Осының өзі-ақ Қостанай өңірінің қуатына куә болса керек.
Мемлекет басшысы жиналған қауымды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, республиканың елеулі жетістіктерін атап өтті.
– Біздің барлық жетістігіміз мықты іргетасқа – ел ішіндегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа негізделген. Ұлттық бірлік пен келісім – Тәуелсіздігіміздің басты жетістігі. Саясатта, экономикада, қоғамда, мәдениетте түбегейлі өзгерістер болды. Мемлекетіміздің халықаралық беделі айтарлықтай артты. Атап айтқанда, сындарлы сыртқы саясатымыз және әлемдік антиядролық қозғалыстағы барша жұрт мойындаған көшбасшылығымыз Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне қабылдануына септігін тигізді, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті еліміз ширек ғасырда әлем жұртшылығына танылып, әлеуметтік-экономикалық және мәдени әлеуетіміздің артуына септігін тигізген ауқымды нәтижелерге қол жеткізгеніне тоқталды. Келер жылы Қазақстан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ТМД аумағында бірінші болып өткізгелі отыр. Бұл іс-шараға 100-ден астам ел және көптеген халықаралық ұйымдар қатысады. Қазақстанның әрбір өңірі осы тарихи оқиғаны табысты өткізуге қомақты үлесін қосуы керек, деді Мемлекет басшысы.
Әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай жері Қазақстанның негізгі астықты аймағының бірі екенін айрықша атап айтты. Дамыған тау-кен және машина жасау секторлары бар ірі аграрлық-өнеркәсіп кешені осы өңір үшін ғана емес, бүкіл республика үшін де мықты экономикалық база болып саналады. Қостанай – ауыл шаруашылығы дамыған басты өңірлердің бірі, бұл өңір еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қомақты үлес қосуда. Облыстағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 25 жыл ішінде 295 миллиард теңгеге дейін өсті, деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сондай-ақ өңірдің ресурстық әлеуетіне және дамыған өнеркәсібіне назар аударды. Мұнда асбест қорының 100%-ы, республикадағы алюминий шикізатының 98%-дан астамы және темір рудасының 93%-ы шоғырланған. Индустрияландыру жылдарында облыста 121 миллиард теңге инвестиция тартылған 82 жоба іске қосылды. Осыған орай 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру автомобиль құрылысы мен металлургия сияқты өңдеу өнеркәсібінің жаңа секторларын қалыптастыруға мүмкіндік тудырды. 2010 жылдан бері 29 мыңға жуық жеңіл автокөлік құрастырылды, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасына қостанайлықтар да жылы сөзін, ақжарма тілектерін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның болашағы тек бірлікте екенін атап көрсете келіп, қостанайлықтарға денсаулық, бақыт тілеп, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы