Биыл алаш меценаты, сталиндік қуғын-сүргін құрбаны Мұхамедхан Сейтқұловтың дүниеге келгеніне 150 жыл толады.
ХХ ғасырдағы сталиндік зұлмат қазақтың талай әулетін шаттығынан айырып, шаңырағын ортасына түсірді. Ұрпақтарының жүрегіне өшпестей сызат салып, жандарын жаралады. Әулет болғанда, қандай әулеттер еді. Текті әулеттер еді. Бір ғана Мұхамедхановтар әулетін (әкелі-балалы Мұхамедхан Сейітқұлов және Қайым Мұхамедханов) алып қаралықшы. Әке мен бала не қияметті кешпеді, не азапты көрмеді?!
Белгілі абайтанушы, қазақтың аса ірі ғалымы Қайым Мұхамедхановтың ұлы Абайдың шәкірттерін зерттегені үшін қуғын-сүргін көріп, абақтыға қамалып, азап шеккені жайында бұған дейін аз айтылып, аз жазылған жоқ. Сол себепті біз дара тұлғаның әкесі, 1937 жылы жазықсыз атылған Мұхамедхан Сейітқұлов туралы аз-кем сөз қозғасақ дейміз.
Қазақ басылымдарының демеушісі
Мұхамедхан Сейітқұлов турасындағы әңгімені бастамас бұрын әуелі Қайым Мұхамедхановтың әкесі жайындағы естелігіне құлақ түрсек. «Әкем Мұхамедхан заманына сай көзі ашық, сауатты адам еді. Бойына біткен кісілігінің арқасы шығар, ертеден ұлы Абай төңірегімен аралас-құралас болған. Бергі төңкеріс кезінде Семейде шыға бастаған Алаш үні «Сарыарқа» газеті мен Жүсіпбек пен Мұхтар шығарған «Абай» журналына қазіргі тілмен айтқанда, меценат ретінде демеушілік көрсетуі сол ұлы ақынның өнеге-тәрбиесі емес деп кім айтады?! Әкем қойын дәптеріне бүгін ана газетке пәлен сом, мына журналға түген сом көмек жасадым деп тіркеп қояды екен. 1937 жылы әлгі дәптер өзімен бірге тәркіленіп, қамауға алынды.
Тегінде әкем 1870 жылғы, яғни Әлекеңмен, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановпен түйдей құрдас. Әлекең 1938 жылдың мамыр айында, ал оның құрдасы, жолдасы Мұхамедхан 1937 жылдың желтоқсан айының басында атылған. Бұл жаза ол қамауға алынған соң небәрі бір апта ішінде орындалған. Ал бізге ол кезде ол он жылға сотталды деген хабар тиген-ді. Негізгі шындықты еліміз тәуелсіздік алған соң, арада 55 жыл өткеннен кейін ғана білдік қой. Мұның өзі бергі әңгіме. Ал әкем айтқан арғы әңгімелер төмендегідей. «Төңкеріс болған жылы сен аяғыңды енді ғана басқан сәби болатынсың. Сонда Семейге Әлекеңнің келгені ерекше салтанатты жағдайға ұласып еді. Бүкіл қазақ қауымы үлкен қуанышпен оны ханнан кем қарсы алған жоқ. Шындығында, Әлекең ұлт көсемі еді ғой. Мұны енді, сол шақта Сұлтанмахмұт та келістіріп жырлады емес пе?! Ахаң мен Жақаң – Ахмет пен Міржақыпты айтамын, сондай-ақ Мағжан мен осы Сұлтанмахмұттар Әлекеңнің қасынан табылатын. Біздің үйде қона жатып әңгіме-дүкен құратын, сөйтіп ел болашағын алыстан болжайтын сол ұлылардың сен тізесінде отырып өстің ғой, шырағым! Соны ұмытпа!» дейтін әкем жарықтық.
Біздің үй онда Мұхаңның ұлы ақын туралы ұлы эпопеясынан қалың оқырманға белгілі атақты Тінібай мешітінің іргесінде еді. Иә, мақтанды деме, қарағым, сол еңселі шатырлы үйде кімдер болмаған десеңші! Айталық: Шәкәрім, Көкбай, Тұрағұл болып бұл тізім жалғаса береді. Алдыңғы ағалардың асыл жүздері есімде еміс-еміс сақталса, кейінгілерді есейіп қалғанда көргендіктен бәрі де есте...» деп жазады ғалым өзінің естелігінде.
Иә, өздеріңіз де байқап отырғандай, Мұхамедхан Сейітқұлов алаш қайраткерлерімен идеялас, пікірлес сол замандағы озық ойлы азаматтардың бірегейі болған. Ұлы Абайдан бастап, Әлихан Бөкейханұлы, Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхамеджан Тынышпаев, Халел Ғаббасов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ыдырыс Мұстамбаев, Сәбит Дөнентаев секілді тұлғалар осы шаңырақта жиі бас қосып, қазақтың келешегіне қатысты ойларын ортаға салған. Қазақтың үлкен жазушысы Мұхтар Әуезов те Мұхамедхан Сейітқұловпен аға-іні ретінде сыйласқан. Осы шаңыраққа Мұхаңмен бірге Жүсіпбек Аймауытов, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Әлмағамбет секілді замандастары да келіп, «Еңлік-Кебек», «Қаракөз», «Бәйбіше тоқал», «Ел ағасы» пьесаларын сахнаға әзірлеген. Демек, алғашқы қазақ театрының іргетасы осы үйде қаланған десек артық айтпағанымыз. М.Сейітқұлов сол кезде шыққан «Дала уалаяты» газеті, «Айқап», «Шора», «Абай» журналдары, «Қазақ», «Сарыарқа», «Уақыт», «Тәржіман» басылымдарын алдырып, оқып отырған. Оның үйіндегі кітапханасының төрінен Абайдың 1909 жылы шыққан тұңғыш жинағы, Шәкәрімнің 1912 жылы Семейде басылған «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Қазақ айнасы», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм ханлар шежіресі», «Мұсылмандық кітабы» кітаптары, авторлар құрамында Әлихан Бөкейханұлы да болған, 1903 жылы жарық көрген «Қырғыз өлкесі» деген еңбегі де орын алған. Осы дүниелер бала Қайымның санасын сілкіндіріп, білім көкжиегін кеңейткен. «Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Әлихан Бөкейханұлының еңбегін оқу арқылы мен тұңғыш рет өз халқымның шынайы тарихымен және мәдениетімен таныстым» дейді Қайым Мұхамедханов.
Міржақыпты түрмеден босатуға 2 мың сом кепіл бергенМұхамедхан Сейітқұловтың ерекше бір қасиеті, жомарттығы, кеңпейілділігі. 1911 жылы Міржақып Дулатов Семейде абақтыға қамалғанда 2 мың сом көлемінде кепілдік салып, тұтқыннан босатады. Тағы бірде Шәкәрім қажы қажылықтан келгеннен кейін Семейге аялдаған сапарында осы шаңыраққа түсіп, қаланы аралауға шығып кетеді. Өзі ісмер адам, оның ерекше үлгідегі киімін көріп: «Семейге келген бұ қай шетелдік?» деп полицейлер ұстап алып, біраз әуре-сарсаңға салыпты. Сол кезде де бұл кісі Шәкәрімнің жанынан табылып, босатып алған екен. Осы тұста ерекше атап өтер дүние, Шәкәрімнің көпке белгілі жалғыз суреті де (кейіннен басқа суреттері табылған) осы үйде түсірілген көрінеді.
(Тінібай мешітінің ертеректегі көрінісі)
Өз заманында осылайша замандастарының зор құрметіне бөленіп, Семейдегі Тінібай мешітінде ислам дінінен сабақ берген, ұлы Абай оқыған Ахмет Риза мешітінде имам қызметін атқарған Мұхамедхан Сейітқұловты НКВД жендеттері 1937 жылы 24 қарашада тұтқындайды (ұрпақтарының айтуынша, М.Сейітқұлов 1921, 1928, 1932 жылдары да тұтқындалып, мүлкі тәркіленген). 27 қарашада «Мұсылмандардың кеңес үкіметіне қарсы тобының белсенді мүшесі болғаны үшін ату жазасына кесіледі» деген үкім шығады да, 2 желтоқсанда түн ішінде атылады.
Жерленген жері әлі күнге дейін белгісіз. Әкесі тұтқындалғаннан кейін Қайым Мұхамедханов та Педагогикалық институттан қуылады. Осы кезде оған Мұхтар Әуезов қолдау көрсеткен деседі.
Мұхамедхан Сейітқұлов 1989 жылы 25 сәуірде КСРО Жоғары Кеңесі президумының қаулысымен ақталады. Алаш меценатының немересі, Қайым Мұхамедхановтың қызы Дина Мұхамедхан атасының жерленген орнын әлі де іздестіруін жалғастыруда. «Біз Мәскеуге, арнайы орындарға хат жаздық. Мұхамедхан Сейітқұловтың ісі әуелде Мәскеуде сақталған. 1956 жылы Қазақ КСР-іне, Семейге қайтарылған. Меніңше, атамызды басқа да адамдармен бірге Семей түрмесінде атқан, содан кейін мүрдесін басқа жаққа алып кеткен. Қанды қол жендеттер құжаттардың барлығын жойып жіберген. Істе әуелде атамыздың атылған және жерленген жері болған сияқты. Бірақ оны құртқан. Фотосы да сақталмаған. Әдетте атар алдында фотоға түсіретін еді» дейді тектінің тұяғы.
Дина Мұхамедханның айтуынша, Мұхамедхан Сейітқұл қамалған түрме (орналасқан жері – Семейдің орталық тұсы) 300 жыл бұрын Элизавета патша заманында салынған. Бұл түрмеге бір кездері Федор Достаевский де, Әлихан Бөкейханұлы да, Ахмет Байтұрсынұлы да, Міржақып Дулатұлы мен Турағұл Абайұлы да қамалған екен. «Көне түрме 2019 жылы бұзылды деп естідім. Не болса да, тарихи ғимаратты сақтау керек еді» дейді Д.Мұхамедхан.
Түйін
Биыл алаш меценаты, сталиндік қуғын-сүргін құрбаны Мұхамедхан Сейтқұловтың дүниеге келгеніне 150 жыл толады. Өкінішке қарай, дара тұлға қызмет еткен Семей шаһарында, жалпы, облыста қайраткерді есте қалдыратын бірде-бір белгі жоқ. Көше есімі де берілмеген. Бір сүйінгеніміз, немересі Дина Мұхамедханнан алаш меценатының құрметіне Қарағандыда көше аты берілгенін естідік. Бары – осы.
Былтыр журналист, әріптесіміз Азамат Битан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы хат жазған болатын. Хатта тұлғаның 150 жылдығына орай облыста (Семей мен Өскемен қалаларында) көше аттары берілсе, Семейдегі Тінібай мешітінің жанындағы М.Сейітқұловтың бұрынғы үйлерінің орнына және меценаттың туған жері Көкентауға ескерткіш тақталар қойылса деген ұсыныстар айтылған-ды.
Орынды ұсыныс облыс, Семей қаласы әкімдігі тарапынан қолдау табады деп сенеміз.
Семей.
"Егемен Қазақстан"